Халықаралық театр күнінде «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінің қорытынды кеші өтеді

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «27 наурыз – Халықаралық театр күніне» арналған мерекелік іс-шара мен «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінің қорытынды кеші өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2026 жылғы 27 наурызда өтетін аталған мерекелік іс-шара театрсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырып, апталықта ұсынылған үздік қойылымдардың нәтижесін қорытындылауға бағытталған.
Халықаралық театр күніне арналған «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруі аясында театр сарапшылары мен көрермен назарына 2025 жылдың наурыз айы мен 2026 жылдың наурыз айы аралығында жарық көрген премьералар көрсетілді. Атап айтқанда, Ж.Әлікеннің «Жүрек сыры. Махаббатым сен…» драмасы, Б.Брехттің «Шеңбер» драмасы, Ә.Кекілбаевтың «Күй» драмасы, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романының негізі бойынша қойылған «Анна Каренина. Роман парақтары» хореодрамасы, У.Шекспирдің синема-эпос жанрында сахналанған «Romeo & Juliet» спектаклі, Д.Исабековтың «Қазақы комедия немесе Бонапарттың үйленуі» комедиясы және М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» драмасы.
Арнайы театр сарапшылары әр спектакльге кәсіби талдау жүргізіп, үздіктерді анықтады. Сонымен қатар көрермендер театр фойесінде ұсынылған арнайы сауалнама арқылы таңдау жасады.
Қатысушылар cарапшылар шешімімен «Үздік актер», «Үздік актриса», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі», «Театр тарланы», «Үміт» номинацияларымен және көрермен таңдауы бойынша «Үздік Актер», «Үздік Актриса» «Үздік спектакль» сынды номинациялармен және арнайы дипломдармен марапатталады.
«Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінің мақсаты — театрдың шығармашылық байланысын нығайту және театр мәдениетінің өзара іс-әрекетін ұжымдық бағытта жандандыруға ықпал ету; Соңғы жылдары жарық көрген премьераларды кеңінен насихаттап, сахна мәртебесін жоғары деңгейге көтеру, театрдың қоғамдағы орны мен адамзаттың рухани өсіп өнуіне тигізер ықпалын ұжым алдында зерттеу, зерделеу болып табылады. Актерлік өнердің кәсіби шеберлігінің шыңдалып, өркендеп өсуіне ықпал ету; театр өнерінің түрлері мен жанрларындағы үздік жұмыстарды анықтау және қолдау; заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық және заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту; елорда көрермендерін Қаллеки театр өнерінің үздік үлгілерімен таныстыру.
Мерекелік кеш 27 наурыз күні сағат 15.00-де театр фойесінде қызыл кілем рәсімімен басталады.
16.00-де үлкен сахнада мерекелік концерт ұйымдастырылып, «Қаллеки тынысы» спектакльдер шеруінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.



