Ел тынысыСаясат

Халықаралық міндеттемелер мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті нығайтады

Дәстүрлі түрде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерінің конституциялық мәртебесі мемлекеттің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі, елдің сыртқы саяси әрі құқықтық бірегейлігінің элементі, сондай-ақ мемлекеттік егемендікті сақтай отырып, халықаралық қауымдастыққа ықпалдасу тетігі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты құжатта халықаралық құқыққа құрмет қағидаты сақталғанымен, оның ел ішіндегі қолданылу аясын конституциялық тұрғыда нақты айқындау көзделген.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында бұл норма 8-бапта дәстүрлі құқықтық тұжырымда бекітілді. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық конституционализмде ратификацияланған халықаралық шарттардың ұлттық заңнамаға қарағанда басымдығы бар екендігі туралы қағидат орнықты.

Жаңа Конституция жобасында екі негізгі бағыт айқындалған: ратификацияланған шарттардың басымдығын сақтау және Конституцияның рөлін күшейту. Халықаралық шарттар орындауға міндетті болып саналады, егер оларды жүзеге асыру үшін арнайы заңдар қабылдау талап етілмесе, тікелей қолданылады және заңдардан жоғары тұрады, бірақ Конституциядан жоғары емес.

Жобаға сәйкес Конституция ең жоғары заңдық күшке ие, ал халықаралық міндеттемелер конституциялық негіздерге қайшы келмейтін көлемде ғана орындалуға тиіс. Бұл — қазіргі кезде қалыптасып келе жатқан «конституциялық егемендік» тұжырымдамасының көрінісі.

Ата Заңның жобасында халықаралық міндеттемелерді түсіндіру мемлекетке ұлттық заңнаманы халықаралық шарттарға сәйкестендіру міндетін жүктеуі мүмкін екендігі, сондай-ақ тікелей қолданылатын шарттар мен оларды жүзеге асыру үшін арнайы заңдар қабылдауды талап ететін келісімдерді ажырату қажеттігі атап көрсетіледі. Сонымен қатар халықаралық шарттарды бағалау процесінде Парламент пен Конституциялық Соттың рөлі бекітіледі.

Құжаттың маңызды тұстарының бірі – халықаралық шарттарды ратификациялауға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін тексеру мүмкіндігі, сондай-ақ Конституциялық Соттың халықаралық шарттарға ресми түсіндірме беру және қажет болған жағдайда олардың жекелеген ережелерін ел аумағында қолдану мүмкін еместігін тану құқығының көзделуі. Бұл халықаралық міндеттемелер мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті нығайтады.

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелер дәстүрлі түрде мемлекет ұстануға тиіс ең төменгі стандарт ретінде қарастырылады. Бұл нормалар құқық қолдану тәжірибесіне, сот түсіндірмелеріне және ұлттық заңнаманы дамытуға бағдар береді. Сонымен бірге халықаралық стандарттар конституциялық кепілдіктерді әлсірету емес, керісінше, оларды дамыту мақсатында қолданылатынын бекіту мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал.

Жобаның маңызды бөлімдерінің бірі халықаралық міндеттемелер мен мемлекеттік егемендіктің арақатынасына арналған. Мұндағы негізгі қағидаттар төмендегідей:

  • Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерді ерікті түрде қабылдайды;
  • халықаралық ұйымдарға өкілеттіктер беру тек Конституцияда нақты белгіленген шектерде ғана мүмкін;
  • халықаралық органдардың шешімдеріне ұлттық тану және орындау рәсімдерінсіз автоматты түрде бағыну алынып тасталады. Бұл – аталған норманың мазмұнын кеңейте түсетін жаңа құқықтық жаңалық.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында халықаралық міндеттемелер халықаралық құқықтың мемлекет ерікті түрде қабылдаған, ұлттық құқықтық жүйеге енгізілген, Конституция үстемдігі жағдайында әрекет ететін және елдің халықаралық жауапкершілігі мен мемлекеттік егемендігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін міндетті нормалар ретінде түсіндіріледі.

Алексей Волков,

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының

Дипломатия институтының директоры,

ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button