Халықаралық аккредиттеуден өтті

Астана қалалық Технологиялық колледжі елордада алғаш болып CITY & GUILDS халықаралық салалық аккредиттеуінен сәтті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
CITY & GUILDS халықаралық деңгейдегі аккредиттеу – колледждің оқу бағдарламасы мен білім сапасының әлемдік талаптарға толық сәйкес келетінін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Қазіргі таңда еңбек нарығы бәсекеге толы.
Осы бағытта Технологиялық колледждің бұл жетістігі студенттерге ашылған үлкен мүмкіндік.
Наубайшы мамандығы бойынша білім алып жүрген 20 студент пен 4 өндірістік оқыту шебері кәсіби біліктілігін сынақтан өткізіп, халықаралық үлгідегі емтиханды сәтті тапсырып шықты. Ең қуаныштысы, енді бұл түлектер өз ісін тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің кез келген елінде абыроймен атқара алады.
«Халықаралық деңгейдегі сертификат алу үлкен мәртебе. Бұл осы білім ордасындағы оқытушылар мен ұстаздардың ізденісінің жемісі. Еліміздің экономикасына елеулі үлес қосатын жастар өсіп келеді. Әлемдік аренада қазақ балалары әрбір салада көш бастап тұруы тиіс» деді Халықаралық сертификатты табыстау рәсіміне қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп.
CITY & GUILDS – кәсіби біліктілікті халықаралық деңгейде бағалайтын беделді ұйым. Оның сертификатын иеленген түлектер Ұлыбританиядан бастап Еуропа мен Азия елдерінде де өз саласында еркін жұмыс істей алады.
Астаналық Технологиялық колледждің бұл жетістігі – елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Өйткені бұл табыс еліміздегі техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа сапалық кезеңге көтерілгенін, ал қазақстандық жастардың әлемдік бәсекеге қабілетті деңгейге жеткенін көрсетеді.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



