«Халық қатысатын бюджет»: Сарыарқа ауданының аумағын абаттандыру бойынша 78 өтініш түсті
Астана қаласының Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2026» жобасына өтінім қабылдау аяқталды. Жалпы, 78 бастама ұсынылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тұрғындар балалар және спорт алаңдарын жөндеу мен салу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, демалыс аймақтары мен қоқыс жәшіктерін орнату, сондай-ақ тротуарларды салу және жаңарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Барлық жобалық бастамалар эксперттік бағалаудан өтеді. Белгіленген талаптарға сай келетін үздік жобалар 6-24 сәуір аралығында аудан аппаратының ресми сайтында онлайн дауыс беру кезеңіне жіберіледі. Көп дауыс жинаған жобалар жүзеге асырылатын болады.
Еске сала кетейік, «Халық қатысатын бюджет» Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Бұл бастама азаматтардың пікірін ескере отырып, қаланы дамытуға бағытталған. Тек өткен жылдың өзінде «Сарыарқа» ауданында 52 аула жаңартылды, оның 36-і ХҚБ аясында жүзеге асырылды.



