Ел тынысы

Халық пен билік арасындағы ең жоғары қоғамдық келісім — мәслихат депутаты

Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек Құрылтай рухы және Конституция құндылықтары туралы айтты, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

«Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, халық пен билік арасындағы ең жоғары қоғамдық келісім. Онда адам өмірі, ар-намысы мен қадір-қасиеті ең басты құндылық ретінде айқындалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Бұл өзгерістер Парламенттің рөлін арттырып, қабылданатын шешімдердің ашықтығын күшейтті», — деді Қанат Естек.

Сонымен қатар депутат Парламентке «Құрылтай» атауының берілуі ұлттық саяси дәстүрімізді жаңғыртудың маңызды көрінісі екенін, бұл қадам мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, халықтық басқару қағидаттарын тереңдете түсетінін атап өтті.

«Осы орайда депутат ретінде өз көзқарасымды білдіре отырып, Конституцияның мазмұны мен рухына сай оның атауын ресми түрде «Ата Заң» деп нақтылау мәселесін қоғамдық және сараптамалық деңгейде талқылау орынды деп санаймын. Мұндай бастама тарихи сабақтастықты сақтауға, құқықтық мәдениетті арттыруға және Конституцияның қоғамдағы мәнін айқындай түсуге ықпал етер еді.

Сөз бостандығы, әділ сот, тең мүмкіндік, әлеуметтік әділеттілік пен отбасылық құндылықтар – Конституцияда бекітілген қағидаттар ғана емес, әр азаматтың күнделікті өмірінде нақты жүзеге асуы тиіс құндылықтар.

Бүгінгі реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. Конституция – тірі құжат, ал оның басты өзегі – адам және оның құқықтары. Бұл бағытта депутаттық корпус пен қоғамның өзара түсіністігі мен жауапкершілігі айрықша маңызға ие», — деді мәслихат депутаты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button