
– Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды конституциялық реформалар Қазақстан дамуының жаңа кезеңін ашып, саяси жүйені жаңартуға деген қоғамдық сұранысқа жауап береді.
Қолданыстағы Конституцияның 84 пайыздан астам бабы жаңартылғалы отырғандықтан, бұл жерде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу емес, Қазақстан Республикасының Конституциясын жаңа редакцияда қабылдау туралы сөз болып отыр. Негізгі заң жобасында мемлекеттік билік құрылымы мен елдің басқару жүйесін өзгерту, парламентаризмнің жаңа нысанын қалыптастыру жөніндегі түбегейлі мәселелер көтерілген. Қазіргі таңда бірпалаталы парламент құру идеясы елдің мемлекеттік құрылымына толық сай келеді, өйткені қоғамда өңірлер мен орталық арасында, сондай-ақ әртүрлі ұлттық және конфессиялық топтар арасында түбегейлі қайшылықтар жоқ. Сондықтан мен парламенттік құрылымның мұндай нысанын ел үшін ең дұрыс әрі бірден-бір тиімді деп есептеймін. Осыған байланысты мен Парламенттің атауын Қазақстан Республикасының Құрылтайы деп өзгерту орынды деп санаймын, өйткені бұл жағдайда елдің ең жоғары өкілді органының тарихи мәні мен табиғаты сақталады. Құрылтай қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік топтарының, елдегі барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бас қосатын алаңға айналады.
Осы негізде билікті тікелей халық қана референдумдар мен сайлаулар арқылы, сондай-ақ өз өкілеттіктерін делегаттайтын мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады деген тұжырыммен келісу қажет. Осыған орай Халық Кеңесі заң жобаларын ұсынуға құқылы болады деп есептеймін. Мемлекеттік билік жүйесіндегі бұл орган қазақстандық халықтың мүдделерін білдіріп, заң жобаларын енгізуге және жалпыұлттық референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасауға өкілетті болады.
Конституция жобасының басты идеяларының бірі – президенттік басқару нысанындағы унитарлы мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығы туралы тұжырыммен келіспеу мүмкін емес. Бұл қағида елдің Мәңгілік ел ұлттық идеясының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Біздің ойымызша, дәл осы идея Конституцияның ішкі мазмұнын, оның мызғымастығы мен тарихи тұрғыдағы өзгермейтін сипатын тереңінен айқындауы тиіс.
Сондай-ақ адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде тану жөніндегі жаңа конституциялық ережемен толық келісемін. Өйткені біздің болашағымыз кімдерді және қалай тәрбиелейтінімізге, нені үйрететінімізге тікелей байланысты.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттік билік пен елдің құрылым нысанын, басқару жүйесінің құрылымын ғана емес, ең бастысы, қазақстандық қоғамның тұтастай және әрбір азаматтың сана-сезімі мен ойлау жүйесін түбегейлі өзгертеді деп есептеймін.
Гүлжамал ЖАПАРОВА,
Астана қаласы мәслихатының депутаты



