«Halyk орманы» ұлттық экологиялық бастамасы — ұрпаққа мұра

Қазақстанда табиғатты қорғау саласында ауқымды жаңа бастама жүзеге асырылады. Тимур Құлибаевтың «Halyk» қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі біріге отырып, ұлттық деңгейдегі «Halyk орманы» жобасын іске асырмақ. «Halyk» қоры аталған бастамаға 1 миллиард теңге бағыттап отыр.
Жобаның басты мақсаты – елдегі орман алқаптарын қалпына келтіру және жасыл аймақтарды кеңейту. Бағдарлама аясында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында, Іле-Алатау ұлттық паркінде және елорда іргесіндегі жасыл белдеуде бес жыл ішінде 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызу көзделген. 16 қыркүйекте тараптар орманды қалпына келтіру мен экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстарды бастауға негіз болған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы жылдардағы нақты қадамдардың құқықтық базасын айқындайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деп атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «Halyk орманы» жобасы Президент айқындаған міндеттермен үндесіп, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосады. Қордың бастамасы – табиғатты аялау мен жауапкершілікке негізделген бағыттың заңды жалғасы.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Halyk орманы» жобасының маңызына тоқталды.
«Қоршаған ортаны қорғау – тек бір саланың міндеті емес. Бұл – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның ортақ ісі. Біз қазір табиғатты сақтау жолында шешуші қадамдар жасауға тиіспіз. «Halyk орманы» – сондай игі бастамалардың бірі. Жоба тек өрттен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіріп қоймайды, сонымен қатар еліміздің жасыл қорын көбейтіп, климаттық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Бұл бастама – елдің стратегиялық таңдауы. Орман отырғызу – ғасырлық іс, оның жемісін ұрпақ көреді», – деді министр.
«Halyk орманы» жобасының негізгі міндет – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Бұл жоба кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғалар аясында ерекше маңызға ие. 2023 жылдың маусымында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында еліміздің тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан астам орман аумағы өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.
«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, бұл қаржы тек ағаш отырғызуға ғана емес, сонымен қатар жасыл аймақтарды күтіп-баптауға және экологиялық білім беру жобаларына да жұмсалмақ.
«Біз үшін Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды. «Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Қор өкілі.
«Halyk орманы» жобасы – қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде GreenAct экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды. Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Ұлы Отан соғысының батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.
Үміт Шаяхметова әлеуметтік жауапкершілікті сезіну – қазіргі бизнестің басты миссияларының бірі екенін атап өтті. «Halyk» қоры соңғы жылдары осы бағытты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қор 2016 жылдан бері денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет және экология саласындағы жобаларға 85 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
«Halyk» қоры әрдайым халықпен бірге. Әсіресе, халықты қиын кезеңдерде қолдау ерекше маңызға ие болды. Қор пандемия кезінде қор медициналық мекемелерді қажетті жабдықпен қамтамасыз етіп, індеттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетті. Ал биылғы көктемде болған су тасқыны кезінде Атырау облысының тұрғындары мен зардап шеккен отбасыларға 35 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады», – деді Қор өкілі.
Әлем бойынша көгалдандыру климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап қана қоймай, Жердің «оттектік тепе-теңдігіне» де үлес қосады. «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысқа сүбелі үлес қосады.
БҰҰ қоршаған орта жөнiндегi бағдарламасы Орталық Азия бойынша субаймақтық кеңсе басшысы Айдай Кұрманова «Halyk орманы» бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Әлемде экологиялық дағдарыс тереңдеп барады. Жаһандық жылыну, ормандардың жойылуы – тек бір елдің емес, барша адамзаттың мәселесі. Осындай шақта Қазақстанның бастамасы ерекше маңызға ие. «Halyk орманы» жобасы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның күш біріктіре алатынын көрсететін нақты мысал. Бұл – тек ағаш отырғызу емес, адамдардың санасын өзгерту. Қазақстан осы арқылы бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Жобаның әрбір қадамы халықаралық қоғамдастыққа үміт сыйлайды. Біз бұл бастаманы қолдап қана қоймай, оны өзге елдерге де ұсынуға дайынбыз», – деп атап өтті БҰҰ өкілі.
«Halyk» қоры волонтерлер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырады. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға жеке үлес қосуға мүмкіндік береді.