Голболдан Қазақстан құрамасы алғаш рет алтын медаль жеңіп алды

Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстанның голболдан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет алтын медаль иеленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған жарыста Қазақстан құрамасымен бірге Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Сауд Арабиясының командалары бақ сынады. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті.
Турнирдің бастапқы кезеңінде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға 9:10, Иран командасына 3:5 есебімен жеңілді. Кейіннен команда ойын жүйесін реттеп, тактикалық тұрғыда жинақталып, кездесулердің барысын өз пайдасына шеше білді. Нәтижесінде қазақстандық голболшылар Сауд Арабиясын 12:7, Таиландты 11:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Иран командасын 7:5 есебімен жеңіп, финалдық бәсекеде Оңтүстік Корея құрамасынан 9:6 есебімен басым түсіп, жарыстың алтын жүлдегері атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1-ші орын, Оңтүстік Корея 2-ші орын, Иран 3-ші орынға тұрақтады.
«Жарыс барысында барлығы алты ойын өткіздік. Спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен келді. Мемлекет қолдауымен Алматы мен Астанада оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Нәтижеге көңіліміз толады. Команда құрамындағы алты спортшының төртеуі үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болғанына қарамастан, олар өздерін жоғары деңгейде көрсете білді», — деді голболдан бас бапкер Андрей Шпехт.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Байрақты бәсекеге 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Аталған ойындарда Қазақстан құрамасы 9 спорт түрінен сынға түсіп, жалпы саны 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар.



