Ғылымды қаржыландыру 3,3 есе өсті

Үкімет Президенттің ғылымды елдің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындауда. Осы бағытта ғылыми қоғамдастықты қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылданған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру 3,3 есеге өсті. Бұл 809 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберуге және материалдық-техникалық базаны кең көлемде жаңартуға мүмкіндік берді.
Ғылым саласында тиімді экожүйе құру үшін Мемлекет басшысының жанынан Ұлттық Ғылым академиясы мен Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды. Сонымен қатар зерттеулерді экономиканың практикалық қажеттіліктеріне бағыттайтын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.
Ғалымдарды тікелей қолдау шаралары да қарастырылған: олардың жалақысы 18 пайызға өсті, ғылыми атақтар үшін берілетін үстемеақылар ұлғайды.
Ғылым мен өндіріс байланысына ерекше назар аударылып отыр. Ғылыми әзірлемелерге инвестиция салатын бизнес үшін 150 пайыздық салық шегерімі енгізілді. Нақты сектормен бірлескен жобалардың үлесін 2025 жылы 20 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Бұл шаралар ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға және Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған.
«Біздің барлық ғалымдар қазір ірі кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өткен жылы осындай тоғыз арнайы кездесу өтті, оған 400-ден астам маман қатысты. Нәтижесінде Қазақмыс, ERG, Қазатомөнеркәсіп, Қармет, Қазмырыш сияқты ірі компаниялардың мамандарымен бірлесіп 100-ден астам ғылыми мәселе әзірленіп, 10 ғылыми тапсырма бекітілді», – деді Саясат Нұрбек.