Қоғам

Ғылым мен бизнес бірлесті

Астанада кәсіпкерлер қауымдастығы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми ортасын біріктірген маңызды кездесу өтті. Іс-шара бизнес пен ғылым арасындағы тиімді өзара іс-қимылды орнатуға бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кездесуде елордалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин, ЕҰУ қаржы және инвестициялар жөніндегі проректоры Назгүл Айдарғалиқызы, факультет декандары мен университет ғалымдары болды. Сондай-ақ кездесуде Қазақстан экономикасының түрлі салаларында бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға негіз бола алатын ғылыми және технологиялық әзірлемелер таныстырылды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин ғылыми қауымдастықпен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Жиын барысында өнеркәсіптің түрлі салаларына елеулі әсер ететін бірқатар инновациялық жобаларға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында көмір өндіру саласы, геодезия, теміржол кешені, азық-түлік қауіпсіздігі және жасанды интеллект саласындағы жобалар бар. Кәсіпкерлердің назарын ерекше аударған жобалардың бірі – жасанды интеллектіні пайдалана отырып теміржол тасымалдарын болжау жүйесі. Бұл жоба вагондардың бос тұру уақытын қысқартуға және логистиканы жақсартуға мүмкіндік бере отырып, теміржол көлігінің тиімділігін едәуір арттырмақ. Мұндай технологияларды енгізу көлік саласындағы бизнестің шығындарын азайтып, табысын арттыра алады.

Сонымен қатар кәсіпкерлер тау жыныстарының геомеханикалық жай-күйін зерттеу жобасына қызығушылық танытты. Бұл жоба зерттеулерге кететін шығындарды азайтуға бағытталған және тау-кен кәсіпорындарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын едәуір жақсарта алады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де үлкен назар аударылды. Сондай-ақ тұрақты даму мен энергия үнемдеуге сай келетін ғимараттарда қайталама су және энергия ресурстарын қайта пайдалану технологиялары талқыланды. Инженерлік құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуына байланысты әзірлемелер мен балық санына баға беру бойынша математикалық модель де кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырды. Бұл жобалар табиғи ресурстарды бақылау мен басқаруға инновациялық тәсілдерді ұсынады.

ЕҰУ жанындағы құрылыс инженериясы орталығы – ENU-QURYLYS қызметін ерекше атап өткен жөн. Бұл орталық Қазақстанның құрылыс секторына арналған аккредиттелген қызметтердің толық циклін ұсынады. Мұндай серіктестік құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік беріп, заманауи технологиялар мен сараптамалық білімге қол жеткізуге жол ашады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button