Басты ақпаратҰлт ұпайы

Ғылым – келешекке бастар жол

Парламент Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Алтынбек НҰХҰЛЫМЕН сұхбат.

– Сіз ғылым жолында өндіре жазған ғалымның бірісіз. 600-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбектің, оның ішінде 7 монография, 16 оқулық пен оқу құралының, сондай-ақ 24 патент пен авторлық куәліктердің авторысыз. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Осындай ауқымды жұмысты қалай үйлестіресіз? Ғылыми жұмысыңыздың өндіріске енгізілуі және оның экономикалық тиімділігі туралы айтып берсеңіз.

– Бұл еңбектің бағасын халық бере жатар. Жұмысты дұрыс жоспарлап, уақытты тиімді пайдалану арқылы жеткен көрсеткіштер ғой. Ғылым мен өндірістің арасында тығыз байланыс болуы керек екендігі сөзсіз. Мұны кезінде зор ұйымдастырушы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев іс жүзінде көрсетіп кеткен. Менің патенттерім мен авторлық куәліктерімнің Qarmet, Kazzink, Kazakhmys сияқты Қазақстанның ірі зауыттарында өндіріске енгізілуі – мен үшін үлкен жетістік. Бұл еңбектер экономикалық тиімділікке қол жеткізіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. Ғылым тек теорияда қалып қоймай, іс жүзінде қолданыс тауып, пайда әкелуі керек.

Батыс елдерінің білім мен ғылым саласында алдыңғы қатарға шығуында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары және өндіріс орындары бірлесіп, сапалы мамандардың шығуына мүдделік танытады. Міне, осындай бірлескен жұмыстың нәтижесінде ғалымдардың еңбектеріне де сұраныс артады. Яғни ғылымды коммерцияландыру табысқа жетелейді.

– Кез келген адамның отаншыл, елшіл қасиеті туған жеріне деген қамқорлығынан көрінеді. Сіз туып-өскен өлкеңізге қандай еңбек сіңіре алдыңыз?

– Туған жерге деген сүйіс­пеншілік адамның жаны мен қанында кіндік кескен кезінен бар болуы керек деп есептеймін. Атамекенді ардақтау, оның тарихын насихаттау – әрбір азаматтың парызы деп білемін. Павлодар облысының киелі жерлерінің картасын дайындауға, Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, белгілі ағартушы Мұса Шорманұлы кесенесін көтеруге тікелей басшылық жасап, оның үлкен кешенге айналуына ық­пал еткенім – мен үшін мәртебе. «Туған жердің тарихи тұл­ғалары» мұражайының тұжырымдамасын әзірлеп, толықтай жасап шығардым. Бұл жұмыстың барлығы жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыруға, өз тарихын біліп, оны мақтан етуге бағытталды.

Өлкетану – жастардың бойында елжандылық сезімді қалыптастырудың негізгі бағытының бірі. Өз өлкесін, оның тарихын, рухани мұрасын білмейінше, толыққанды тұлға қалыптастыру мүмкін емес. «Өлкетану-Краеведение» оқулығы мен фильмдер – осы мақсатта жасалған үлкен жоба. Дұрысы, оған «Ертістің Павлодар өңірінің 100 тарихи тұлғалары» атты 200 қысқаметражды фильмді дайындап, мектеп бағдарламасына енгіздік. Бұл жоба арқылы біз жас ұрпаққа туған жерінің тарихын, көрнекті тұлғаларын тереңірек таныс­тырып, бойларына ұлттық рухани құндылықты сіңіруге тырысудамыз.

– Сенатор ретінде халық­тың сенім жүгін арқалау қандай жауапкершілік жүктейді? Заңнамалық реформаларға қосқан үлесіңіз және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудегі қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Халықтың сенімін арқалау – бұл үлкен жауапкершілік. Сенатор ретінде мен әрқашан халықтың мүддесін қорғауға тырысамын. Бұл мойынымыз­дағы міндетіміз әрі парызымыз. 2020-2025 жылдар аралығында Сенатта қабылданған заңдардың әлеуметтік салаға қатысы аз болған жоқ. Осы заңдардың сапалы қабылдануына, олардың қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеуге тигізер әсеріне талдаулар жүргізіп, ел мүддесі үшін қызмет атқарып жүрміз. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның талқылануына белсенді қатысып, оның қабылдануына өз үлесімді қостым. Сайлаушылармен жиі кездесулер өткізіп, олардың мәселелерін тыңдап, депутаттық сауалдар жолдадым. Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәт­баев, Өзбекәлі Жәнібеков, Шота Уәлиханов, Шерхан Мұртаза, Кемел Ақышев, Ебіней Бөкетов сияқты ұлт мақтаныштарының мерейтойларын атап өтуге бас­тамашы болып, олардың сапалы орындалуын қадағалаудамын. Бұл – халықтың сенімін ақтау жолындағы менің азаматтық парызым.

– Сіз кімді үлгі тұтасыз?

– Академик Қаныш Сәтбаев – темірқазықты тұғырнамам. Қаныш жолын насихаттау – менің өмірлік миссиям. «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде мен елордадағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің монументалды кешенінің тұжырымдамасын әзірледім. Қордан қаражат тартып, 2021 жылы ескерткішті тұрғызып, оның ашылуынан кейін 2022-2024 жылдары осы кешеннің тұжырымдамасы толығымен іске асырылғанға дейін қосымша гранитті стендтерді орнату процесінің барлық кезеңін үйлестірдім. Соңғысы осы жылғы Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде әулие Мәшһүр Жүсіп 22 жасар жас Қанышқа берген бата сөздің мәтіні бар гранит сынтас алаңға орнатылды. Бұл – Қаныш Сәтбаевтың мұрасын мәңгі есте қалдыруға бағытталған үлкен жоба.

Тұлғатану – ұлт руханиятының негізгі бағытының бірі. Тарихты тұлғалар жасайды. Сондықтан жас ұрпаққа көрнекті тұлғаларды таныту, олардың өмір жолынан үлгі алуға мүмкіндік беру өте маңызды. Шымкентте Жүсіпбек Аймауытовтың, Семей мен Павлодарда Әбікей Сәтбаевтың мемориалды тақтасын ашуға ықпал етуім – осы бағыттағы жұмысымның бір бөлігі. Өткен жылы ғұлама Мәшһүр Жүсіп оқыған, ал ғалым Кемел Ақышевтің кіндік кескен жерлерінде гранитті белгітас орнаттық. Жалпы, 30-дан астам мемориалды тақталар мен белгітастарды елдің бірнеше жерінде ашып, тұлғатану саласына жаңа серпіліс беруге тырыстық. Бұл жұмыстар арқылы біз ұлтымыздың рухын көтеріп, жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді қалыптастыруға атсалысамыз.

Қаныш Сәтбаевтың туған жерін дамытуға, оның мұрасын сақтауға және насихаттауға бағытталған кешенді жұмыс атқарылды. Ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізуге, көшелерді асфальттауға, жол жарығын жүргізуді ұсыныс жасап, Павлодар облысының әкімдігінің қаржылай қолдауын таптым.

Былтыр академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын өткізу республика масштабындағы үлкен жоба болды. Бұл жоба арқылы Қаныш Сәтбаевтың ғылымға, еліміздің дамуына қосқан үлесін насихаттауға маңыз бердік. Бұл істе қолдаған барша қауымға зор ризашылығымды білдіремін.

– Ғылымды қалай дамытуға болады?

– Ғылым – мемлекеттің болашағы. Технология, экономика, қорғаныс, денсаулық, тіпті спорт саласы – бәрі ғылымға байланысты дамиды. Сондық­тан ғылымға инвестиция тарту, жас ғалымдарға жағдай жасау – негізгі басымдық болуы тиіс. Әйтпесе әлемдік дамыған елдерге ілесу қиын болады.

Ғылым өндіріспен тығыз байланыста болғанда ғана оның нақты пайдасы болады. Ғылыми жетістігімнің біразы өндіріс ошағына енгізілгені туралы тоқталып өттім ғой. Бұл тек зертханадағы нәтиже емес, нақты экономикалық тиімділік берген жобалар болды. Ғылым мен өндіріс арасындағы көпірді күшейту қажеттілігі туындап отыр.

Ғылым – тұрақты қозғалысты қажет ететін сала. Кезінде академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Ғылым академиясы елдің дамуына тікелей атсалыс­ты. Өйткені, ғалымдардың ортасы тәуелсіз шешім қабылдауға, өндірісті, ауыл шаруашылығын сүйемелдеп, биікке жетеледі. Ғылым мен өндіріс бір-бірін толықтырып, қатарласа дамымаса, ел экономикасы бәсекеге қабілетті болуы қиын екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.

Ғылым – кез келген мемлекеттің даму тетігінің өзегі. Өйткені ғылым – жаңалық ашу­­дың, тың идеялардың, технологиялық серпілістің қайнар көзі. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, алдыңғы қатарлы елдердің бәрі ғылымға айрықша көңіл бөледі. АҚШ, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея секілді елдердің табысты экономикасының, қуатты қорғанысының, сапалы білім беру жүйесінің, тіпті, мәдени жетістіктерінің негізінде ғылым жатыр.

Ғылымы дамымаған ел еш­қашан технологиялық, экономикалық немесе әлеуметтік прогресс жасай алмайды. Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақытта Қазақстан аз жетістікке жеткен жоқ. Бірақ әлемдік бәсекеде алға шығу үшін өз ғылымымызға арқа сүйе­уіміз керек. Өзіміздің озық зерттеулеріміз, ұлттық техно­логиялық әзірлемелеріміз болмаса, біз сыртқы технологияларға тәуелді болып қала береміз.

Мемлекет тұрақтылығы, экономикалық қауіпсіздік, азық-түлік, медицина, әскери сала – барлығы ғылымға келіп тіреледі. Жасанды интеллект, биотехнология, экология, энергияның баламалы көзі – бұның бәрі ғылымсыз мүмкін емес.

– Ғылым мен ұлттық руха­ният арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Ғылым тек технологиялық про­­грестің құралы емес пе?

– Жоқ, олай емес. Қазіргі заманда ғылым тек техника мен өнеркәсіп үшін емес, ұлттық руханият үшін де қажет. Мысалы, тіл білімі, тарих, этнография, археология – бұлардың бәрі гуманитарлық ғылым салалары. Біз ұлт ретінде өзімізді тану үшін сол ғылым салаларына арқа сүйейміз.

Жасанды интеллект немесе роботтану саласының өзі – тілсіз, ұлттық мәдени кодсыз дамымайды. Егер біз қазақ тілін ғылым тіліне айналдырмасақ, ұлттық ерекшелігімізді технологиялық өнімдерге енгізбесек – біздің жасанды интеллектіміз де, виртуалды әлеміміз де бөтен, сыртқы рухта жасалады.

Демек, ғылым – тек математика мен техника емес, ұлт­­тық болмыстың, мәдениеттің заманауи формасы. Қазақ ғылымының дамуы – қазақ руха­ниятының, тіліміздің, әдебиетіміздің, фило­софиямыздың сақталуы мен жаңғыруының кепілі.

– Қазақстан ғылымы әлем­дік деңгейге шығу үшін не істеуі керек? Мемлекет қандай саясат ұстануы қажет?

– Біріншіден, ғылымды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ету керек. Ғалымдарды әлеуметтік және қаржылық қолдау – инвестиция емес, ұзақ мерзімді стратегиялық қадам. Екіншіден, ғылыми жобаларды өндіріспен және бизнеспен байланыстыру керек. Үшіншіден, жас ғалымдарды дайындауға, олардың әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасау маңызды.

Ең бастысы – ғылымның идеологиялық маңызын түсіну. Егер ғылымды шеттен көшіріп алумен шектелсек, онда оның ұлттық мазмұны болмайды. Біз өз топырағымызда, өз менталитетіміз бен дәстүрімізге негізделген ғылымды дамытуымыз керек. Сонда ғана ол біздің мемлекеттің тірегіне айналады.

– Сонда ғылым – мемлекет­тің болашағы деп айтуға бола ма?

– Әрине, ғылымсыз мемлекет ұзақ мерзімді даму стратегия­сын құра алмайды. Білім, өндіріс, қорғаныс, денсаулық сақтау, экология, мәдениет – бәрі ғылымға сүйенеді. Ұлттың тағдыры, тілдің болашағы, мәдениеттің жаңғыруы да ғы­лыммен тығыз байланысты.

Қазақ ғылымының әлеуеті өте жоғары. Бізде дарынды жастар, терең ойлы зерттеу­шілер бар. Мемлекет тек сол әлеуетті дұрыс арнаға бағыттаса, Қазақстан ХХІ ғасырда ғылыми-инновациясы дамыған елге айнала алады.

– Қазіргі қазақ қоғамының дамуында қандай басты мәселелерді көресіз және шешу жолдарын қалай елестетесіз?

– Қазақ қоғамы – күрделі өтпелі кезеңде. Ұлттық сана мен жаһандық өркениеттің бетпе-бет келген тұсында тұрмыз. Басты мәселе – жастар тәрбиесі, білімнің сапасы және ұлттық құндылықтың сақталуы. Батысқа еліктеуден арылып, өзіміздің төл мәдениетімізге бет бұруымыз керек. Бұл ретте Алаш идеясы, түркілік тамырымыз, ұлы дала өркениеті – басты бағдаршам болуы тиіс.

– Қазіргі роботтану, жасанды интеллект дәуірінде Қазақстан ғылымы қандай бағыт ұстануы тиіс деп ойлайсыз?

– Бұл – өте өзекті мәселе. Егер біз роботтану, жасанды интеллект, биотехнология, жасыл энергетика сияқты болашақтың салаларын дамытпасақ, жаһандық бәсекеде артта қалуымыз мүмкін. Бірақ мұнда басты шарт – ұлттық мүдде мен мәдениетімізді сақтау. Тек технологиялық көшке ілесу емес, сол дамуды өзіміздің тілдік, мәдени және тарихи ерекшеліктерімізге бейімдеу маңызды.

Мысалы, жасанды интеллект­ке негізделген бағдарламалар мен сервистер міндетті түрде қазақ тілінде де болуы тиіс. Бұл – тілді, ұлттық ойлау жүйе­сін жаңа формада дамытуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды көмекшілер, аудармашылар, интеллектуалды жүйелер қажет. Бұл – тілдің дамуына ғана емес, жастардың ғылымға деген қызығушылығына да ықпал етеді.

– Бұл бағытта нақты қандай шаралар қолға алынуы тиіс деп ойлайсыз?

– Біріншіден, білім беру жүйе­сінде STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) бағытын тереңдету қажет. Оның ішінде бағдарламалау, нейрожелілер жасау, биоинформатика, робот құрастыру – барлығы қазақ тілінде оқытылса, жас буын ұлттық негізде технологиялық сауатты болып өседі.

Екіншіден, ірі ғылыми жобаларды мемлекет қолдауы тиіс. Мысалы, ауыл шаруашылығына арналған дрондар, автоматтандырылған суару жүйелері, жасанды интеллект арқылы ауа райын болжау немесе мал ауруларын анықтау – мұның бәрі бізге де керек әрі қазақ тілінде қолжетімді болуы шарт.

Үшіншіден, ұлттық цифрлық контент көлемін ұлғайту қажет. Әлемдік платформаларда қазақша ойын, оқу құралы, ғылыми-көпшілік бағдарлама аз. Егер осы бағытқа инвес­тиция құйылса, ғылым мен мәдениеттің үйлесімі пайда болады.

– Демек, Қазақстан ғылымының болашағы технологиялық және ұлттық-мәдени бағыттардың бірлігінде дейсіз ғой?

– Дәл солай. Бізге ұлттық кодымызды жоғалтпай, батыс пен шығыстың озық технологияларын меңгеру керек. Бұл – тек тіл, мәдениет емес, ұлттық құндылықтарға негізделген жасанды интеллект, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін цифрлық өнімдер жасау деген сөз. Сонда ғана Қазақстанның ғылыми келбеті жаһандық аренада өзіндік орны бар ел ретінде қалыптасады.

Сұхбаттасқан

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button