Қоғам

Ғылым форумы басталды

Астана қаласы Әл-Фараби атындағы оқушылар шығармашылық сарайында шет мемлекеттен келген ғалымдардың қатысуымен «балалар ғылымда» атты III Халықаралық оқушылардың ғылыми форумы басталды.

Форум Елорда әкімдігі мен қалалық білім басқармасы, «International Centre of Scientific Collaborations» жеке мекемесі,  «Бір белдеу және бір жол» халықаралық ғылыми-білім беру консорциумы (BRISEC) және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Халықаралық зияткерлік меншік күнін, Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күнін және зерттеулерге негізделген ғылыми білім беруді (IBSE) енгізу туралы Астана декларациясының қабылданғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Оған халықаралық ғылыми конкурстардың жас жеңімпаздары, инновациялық жобалар мен технологиялық әзірлемелердің авторлары қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Қасымхан Сенғазиев форумның ашылуымен құттықтап, жан-жақтан жиналған ғалымдардың жұмысына өз ризашылығын білдіріп, талантты оқушыларға табыс тіледі.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ғылымға қызығушылықты мектеп қабырғасынан бастап дамытуымыз керек. Жастардың жобалары мен өнертабыстары бүкіл елге пайда әкелуі тиіс. Мұндай дарынды жастар – еліміздің ғылыми-техникалық дамуына серпін беретін жетекші күшке айналуы керек», – деп атап өткен болатын. Міне бұл форумның да басты мақсаты ғылымға назар аудару, ғылми жұмыстарды жетілдіруді қолдау болып саналады.
Шын мәнінде, бұл форум – ғылымға қызығушылық танытқан дарынды жастарды, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен және шет мемлекеттерден келген құрметті ұстаздар, ғалымдар мен қонақтарды біріктіретін бірегей алаң. Ол жас зерттеушілердің ой-өрісін кеңейтіп, пікір алмасуға, ғылыми жобаларды ұсынуға мол мүмкіндік береді. Ерекше атап өтетін жайт – форумға еліміздің және шетелдің жетекші университеттерінде білім алып жатқан алдыңғы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары – студенттердің де қатысуы. Бұл – бүгінгі мектеп оқушылары үшін үлкен мотивация болмақ. Ал, оқушылардың интеллектуалдық дамуына деген қызығушылықтарының артып келе жатқанын 4885 оқушының түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, оның 2389-ының жүлделі орындарға ие болуы дәлелдейді. Біз халықаралық аренадағы жетістіктерімізбен мақтанамыз: 61 қатысушының 24 – і жүлделі орындарға қол жеткізіп, оның ішінде 9-ы бірінші орынды жеңіп алды.

Құрметті оқушылар! Сіздер – Қазақстан ғылымының болашағысыздар. Армандаудан, зерттеуден, сұрақ қоюдан қорықпаңыздар. Сіздердің қайрат-жігерлеріңіз, ізденімпаздықтарыңыз бен еңбектеріңіз еліміздің табысты дамуының кепіліне айналады,–деді Қасымхан Сенғазыұлы.

Аталған форум үш күнге жалғасады. Онда оқушылар бір-бірімен идея алмасып, инновациялық жобаларын көрсетуіне мол мүмкіндік жаратылмақ.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button