Руханият

«Ғұмырдария»: еңбектен мән тапқан ғұмырдың шежіресі

Қарақалпақстанның Тахтакөпір ауданында туып-өсіп, арман жетегінде Қазақстанның Жамбыл қаласына жол тартқан азаматтың өмір жолы көп оқиғаға бай. 70 жастың белесінен асқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V, VI сайланымдарының депутаты, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ерсұлтан Бектұрғанов ағамыздың балалық шағынан бастап бүгінге дейінгі өмір жолын суреттеген «Ғұмырдария» атты естелік-эссе кітабы оқып отырған әрбір адамды бей-жай қалдырмайды.

Ерсұлтан аға туып-өскен ауылынан аттап шыққанына жарты ғасырдан асса да, оның жүрегіндегі туған жерге деген сағыныш бір сәтке де сөнген емес. Кіндік қаны тамған Қарақалпақстан топырағы – ол үшін мәңгілік ыстық мекен, жүрек түкпіріндегі қымбат қазына. Сағыныштың самалы қайда жүрсе де желбіреп, оны туған елге жетелейді. Бұл сезім оның естелік-эссесіндегі жүректен төгілген қара сөздері мен тереңнен шыққан өлең жолдарында айқын көрінеді. Әр сөйлемінен туған жер топырағының иісі, елдің рухы аңқып тұрады.

Ерсұлтан аға кәсіби жазу­шы болмағанымен, оның ес­теліктерін оқи бастаған сәттен-ақ өмірдің терең иіріміне еніп кетесің. Себебі ол суреттеген балалық шақ – әрбірімізге таныс, әр жүректе ізі қалған қымбат кезең. Жас­тықтың жалынға толы күндері, тұрмыстың түрлі сынағы мен өмірдің тәтті-шырын ­қуанышы оның баян­дауында шынайы әрі әсерлі өрнектеледі. Халық үшін еткен адал еңбектері, түрлі жоғары лауазымдардағы табанды қызметі – оқырманға үлкен өнеге, жас ұрпаққа тағылым боларлық рухани қазына.

«Ғұмырдария» естелік-­эссесінде автор өз өмір жолын ғана емес, сонымен бірге оны қоршаған ең қымбат жандардың – ата-анасының, туған-туыстары мен отбасы мүшелерінің бейнесін ерекше ықыласпен суреттейді. Әр кейіпкердің мінезі, болмысы, өмірге көзқарасы шынайы штрихтармен берілгендіктен, олар оқырманның көз алдына тірі тұлға болып келеді. Осы арқылы «Ғұмырдария» тек бір адамның ғұмырнамасы емес, үлкен бір әулеттің тарихы, өмірлік сабаққа толы тағдыр­лар галереясы ретінде құнды­лыққа айналады. Солардың ішінде ең әсерлі образдардың бірі – жұбайы, өмірлік серігі Гүлнәр апа. Автордың қаламынан туған Гүлнәр апаның бейнесі мейірімге, парасатқа, отбасы құндылықтарына деген адалдыққа толы. Ол тек шаңырақтың шырағын жағып отырған асыл жар ғана емес, Ерсұлтан ағаның күрделі де қызықты тағдырындағы сенімді тірек, жан серігі ретінде сомдалған.

Автордың «Ғұмырдариясы» – адам ғұмырын өзенге теңеген көркем ойдың айғағы. «Өмір де өзен сияқты» деген мысалға сүйене отырып, ол әр адамның тағдыры дариядай толқынды, арналы екенін шебер бейнелейді. Өзен тоқтаусыз ағып, тармақтарға бөлінгенімен, бәрібір бастауына, түпкі өзегіне оралады. Сол секілді адам да қай қиырды кешсе де, түптің түбінде туған жерімен, ата-бабасының ізі қалған қасиетті топырақпен байланысын үзбейді.

Бұл естеліктер – туған жер мен халықтың болмысына тағзым, оқырманды да өз тамырына үңілуге жетелейтін шынайы сыр.

«Ғұмырдария» атауы осылайша екі мағына береді: біріншісі – өмірдің өзенге ұқсастығы, екіншісі – Әмудария мен Сырдария ағысындағы туған өлке тағдыры. Автордың туған елге деген сүйіс­пеншілігі оның әрбір естелігінде, табиғатқа деген іңкәр сезімінде айқын көрінеді.

Жалпы алғанда, автордың айтқысы келген терең ойы – адамның шынайы бақыты мен өмірдің құндылығы еңбектен табылатынында. Шынында да, Ерсұлтан ағаның естеліктерін парақтай отырып, біз тек өткен күннің суреттерін ғана емес, еңбектің адам жанына сіңірген қасиетті қуатын сезінеміз. Ол үшін өмір – тек өткінші сәттердің тізбегі емес, қайта маңдай термен, адал қызметпен мәнге толған ғұмырдың шежіресі.

Ағамыздың әрбір естелігі қарапайым тұрмыстың ша­ғын қуаныштары мен үлкен сынақтарын айна-қатесіз көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге оқырманға ой салады: шын еңбек қана адамды биіктетіп, жүрегін бақытқа бөлейді екен. Жазылған әрбір жол кейінгі ұрпаққа қалдыр­ған өсиет сынды. Ол бізге еңбек пен адалдық өмірдің мәңгілік құны екенін ұқтырады. Осы тұрғыдан алғанда, кітап оқырманды бір мезетке өз өміріне де үңілдіреді: біз бақытты сырттан іздейміз, ал ол өз қолымызбен жасаған еңбекте, жүрекпен істеген ісімізде екеніне көз жеткіземіз. Ерсұлтан ағаның ғибратты ғұмыры соған жарқын дәлел.

 Есімқан ЕЛСҮЙЕРҰЛЫ,

Өзбекстан Журналистер одағының мүшесі,

 философия докторы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button