Ғұмырбаян ғажаптары

22 тамыз – көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың дүниеден озған күні. Соған орай белгілі қонаевтанушы-жазушының жазбасын ұсынып отырмыз.
БЕЙТАНЫСТЫҢ БАТАСЫ
Алматыдағы 14 мектепте жетінші класта оқып жүргенде, Димаш өзен жағасында талмасы ұстап, ес-түссіз жатқан біреуді көріп, дереу орнынан тұрғызып, оны сүйемелдеп жақын жердегі ауруханаға әкеледі. Әлгі адам оның аты-жөнін сұрап, бәрін біліп алады. Ертеңінде есін толық жиған соң мектепке келіп, Қонаев деген оқушыны сұрайды. Директор оны кабинетіне шақырады. Димаш кіріп келгенде оншақты мұғалімнің ортасында тұрған талма ауру кісі мына бала болмағанда, кеше мен о дүниеге аттанып кетер едім. Өмірімді сақтап қалған жасөспірімге ризамын. Міне, сондықтан оның өзіне және оқушыны тәрбиелеген сіздерге алғыс айтуға келдім. Оқушы балам Қонаев сені қашанда Құдай қолдап, Тәңір жебеп жүрсін деп, ол батасын береді. Әлгі кісі азамат соғысына қатысқан ардагер екенін айтып, тағы тілек тілеп, Димашты құшақтап, маңдайынан сүйеді. Тарихта талма ауруы бар белгілі адамдардың тегін болмағаны айтылады. Димашқа тегін адам бата бермеген ғой. Димашқа алдымен үзілер шағында атасы, содан соң бір апатты жағдайда әжесі, соңында бейтаныс адамның бата беруі – оның өміріндегі ерекше құбылыс.
ДІНМҰХАМЕД ДЕГЕН АТТЫҢ ҚАСИЕТІ
Димекеңнің әкесі Меңліахмет те тегін адам болмаған. Оң жақ самайында қалың мең болған. Осы Алла тағала нышаны меңге байланысты атын Меңліахмет қойған. Димекең Риддерде бастық болып жүргенде шұбырған текті есімді орыстар айта алмай, Димаш Ахметович деп атап кетеді. Меңліахмет бір жылы ежелгі ата-жұрты Күрті өңірі, Құйған жақтағы туыстарына бір шаруамен келеді. Бала Димашты қасынан тастамайтын дағдысы бойынша оны да бірге алып жүреді. Қысты күні болса керек бала ойламаған жерден ауырып қалады. Ол кезде ауылда ем-дом жасайтын молдалар ғой. Әкесі өң-түсі бұзылып кеткен, бір тылсым күш қысқан ұлын ауыл молдасына әкеледі. Молда оның есімін білген соң, бұл балада тән ауруы жоқ, жан күйзелісі бар. Дінмұхамед деген қасиетті атты көтере алмай тұр деп дем салып, Мұхаммед пайғамбардың атын атап, Құранның бір ұзақ сүресін оқиды. Жарты күн баланы жібермей, рухани сауықтырады. Ертеңінде бала құлан-таза жазылады. Бұл кісі Жалайыр еліне белгілі молда емші еді. Ұрпақтары Балқаш ауданында тұрады.
АЙТЖАННЫҢ АҚЫЛ-КЕҢЕСІ
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары алпауыт Ысқақ байдың қол астында істеген Меңліахметке де тықыр таянады. Амал жоқ Алматыдан кетіп, Түрген жаққа қоныс аударады. Бақытына қарай қызы Әмина революционер Айтжан Түркебаевқа тұрмысқа шыққандықтан аман қалады. Айтекең балдызы Димашты өте жақсы көреді. Саяжайына жиі шақырып, жаңа өкімет түбінде толық күш алады. Сондықтан көп ойланбай сен комсомолға өт деп кеңес береді. Димаш комсомолға өтеді, соңғы кластарда оқып жүргенде. Өзінен кейін Димашты оқуға баулыған, Мәскеуге оқуға жолдама әперген осы бір аяулы азамат еді. Сүйікті әпкесінің жары Айтжанды Димаш ерекше құрметтеді. Димекең жайындағы сурет-альбомда Меңліахметтің отбасымен түскен суреті бар. Айтжан Түркебаевтың саяжайында түсірілген суретте 15-16 жастағы бозбала Димашты көреміз.
АХАҢНЫҢ ДӘРІСІ
Атақты Ахмет Байтұрсыновтың кезінде қазіргі Абай атындағы педагогикалық университетте дәріс оқығаны белгілі. Ұлы ұстаздың дәрісін тыңдау үшін білуге құштар басқа оқу орындарынан да жастар келіп, ол кісінің айтқандарын жаттайды екен. Солардың бірі бір оқу орнында даярлық курсында оқитын шәкірт Димаш Қонаев еді. Мұны Димекең зейнетте жүргенде нағашылары болып келетін белгілі ғалым Бахтияр Смановтың үйінде қонақта отырғанда ерекше еске алып, ағынан жарылып айтады. Димекең Аханның төте жазу әліппесі бойынша араб әрпінде оқи да, жаза да білетін еді.
ТЫНЫШБАЕВТЫҢ ТӘЛІМІ
Алматы қаласындағы 14 мектептің оқушысы Димаш астанадағы жиын, мәслихаттарда, түрлі кездесу, концерттерде белгілі тұлғаларды жиі көріп, оларға сәлемдесетіні оның өзіне тән ерекше бір жақсы қасиеті еді. Қай класта оқып жүргені белгісіз, ерлер гимназиясына бір шаруалармен келген атақты инженер Мұхамеджан Тынышбаевпен кездейсоқ кездесіп сәлем береді. Кейін ұлы Ескендірмен бозбала кезінде қимас дос болады. Міне, сондықтан оның бала кезіндегі арманы Тынышбаев сияқты атақты инженер болу еді. Соңында Мәскеуде оқып, тау-кен инженері атанып, Қоңырат, Риддерде инженерліктен сатылап өсіп, уақыт өте қазақтың бағына туған кемеңгер атанды. Оның бала кезіндегі ұлы арманын Алла тағала құп көріп, мақсаты орындалды.
ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ КҮРЕСІН КӨРУІ
Мектепте оқып жүргенде, Димаш спортты өте жақсы көреді. Күрес секциясына қатысады. Өйткені өзі палуан денелі бозбаланы дене тәрбиесі пәні мұғалімі осы спортқа икемдейді. Басында жарыстарға қатысып жүреді. Кейін бала өзі бұдан бас тартады. Әкесі алысып-жұлысатын палуандық өнерді ұнатпаса керек. Димекең естелігінде күш атасы әлемге әйгілі палуан Қажымұқанның күресін көріп, одан алған әсерін журналист-жазушылардан артық жазып, еске алады. Кейін Қажымұқанның ізбасары Жақсылық Үшкемпіров олимпиада чемпионы болғанда, алдымен күш атасын айтып құттықтайды.
ТРОЦКИЙДІҢ АЛМАТЫҒА КЕЛУІ
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында Сталинмен сыйыса алмаған, Ленинмен бақталас болған Троцкий жер аударылып Алматыға келеді. Оқушы кезінде осы коммунистер көсемінің бірін бозбала Димаш та көреді. Алатауға ғашық бала Медеу жақта қыдырып, жеміс-жидек теріп, қайтып келе жатқанда тарантаспен саяжайына қарай бара жатқан, көзілдірікті кісіге сәлем беріп, дәл жанынан өтеді. Мектепте жүргенде, қабырғада ілулі тұратын оның суреті көз алдына келіп, Троцкийді содан таниды. Ол оқушы сәлеміне риза болып, болар болмас тіл қатып, қол бұлғап қоштасады. Димаштың мұсылмандық дәстүр бойынша таныса да, танымаса да жасы үлкен кісілерге сәлем беруі бойында о бастан бар еді.
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ШАРАПАТЫ
Студент Димаш Мәскеуде оқып жүргенде, Сталиннің ұлттар жөніндегі орынбасары Тұрар Рысқұлов болатын. Қазақстандағы аштық жөнінде Сталинге хат жазып, соңы өзінің жұмыстан кетуіне әкеледі. Алматыдағы Жастар театрында сексенінші жылдары Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» атты пьесасы бойынша спектакль қойылып, халық көңілінен шықты. Мәскеуде Рысқұловтың студент Қонаевты қорғауы – тарихи оқиға. Елдегі бай-бағландарға өш, көпес саудагерлеге қас, қызғаншақ, күншілдер Қонаев алпауыт Ысқақ байдың туысы, оның саудасын жүргізетін Меңліахметтің баласы, ұлты қазақ емес басқа, сондықтан оның Мәскеуде оқуға құқы жоқ деп арыз жазады. Шаш ал десе, бас алатын белсенділердің бұйрығы бойынша Димаш оқудан шығарылады. Жазықсыз текке оқудан шыққаны жанына батып, Тұрардың қабылдауына жазылады. Тұрар студентті қабылдап, өмірбаянымен толық танысып, ата-бабалары Жетісу өңірінің қазағы екеніне әбден көзі жетеді. Сөйтіп, Лениннің досы болған сол кездегі Ағарту комиссары Луначарскийге телефон соғып, Димашты қайта оқуға алдырады. Димекең Рысқұловтың бұл жақсылығын өле-өлгенше ұмытпады. Рысқұловты ақтау жөнінде тиісті адамдарға нұсқау беріп, арнайы кітап жаздырды. Алматыдағы ең ұзын көшелердің біріне оның атын бергізіп, аруағын аунатты. Алматыда тұратын жесіріне үй әперді. Тіпті, Мәскеудегі қызына дейін қол ұшын беріп, көмектесті. Алматыдағы ең ұзын әрі кең көше Рысқұлов даңғылы батыстан шығысқа қарай көсіліп жатыр.
ҚҰПИЯ ХАТ
Мәскеуде оқып жүргенде, каникул кезінде пойызбен елге жол тартады. Көрші вагонда саяси тұтқындарды күзетпен сақшылар алып келе жатады. Олардың ішінде Алашорда көсемдерінің бірі, қазақ жері үшін Лениннің өзімен тәжікелесетін атақты Әлімхан Ермеков те бар еді. Димаш екі вагонның түйіскен жерінде сыртқа қарап тұрғанда, тұтқындардың бірі оның бетіне бір қарап, қалтасына конверт қағазды сүңгітіп жібереді. Ымдап бір нәрсе дегендей болады. Димаш оның тегін адам емес екенін біледі. Өз вагонына келіп конвертті ашса, Ермековтің әйеліне жазған хаты екен. Онда мен этаппен айдалып кетіп барамын деп баратын жер мен түрменің атын айтады. Әлекең бейтаныс хат алушыға әйелінің Алматыдағы мекенжайын толық жазып, осыны жеткіз бауырым деп өзінің Әлімхан Ермеков екенін айтып, аманат қылған. Димаш Алматыға келген соң, хатты көрсетілген мекенжай бойынша иесіне тапсырады. Студент оқып жүргенде математика оқулығының авторы Ермековтің есімі мен еңбегін жақсы білген ғой. Арада пәлен жыл өтіп, Ермеков ақталып, Алматыға келеді. Ол кезде Совмин төрағасы Қонаевқа баспана және жұмыс мәселесімен кіреді. Димекең құшақ жайып қарсы алады. Алматыда емес, сіздің Қарағандыда тұрғаныңыз жақсы. Өйткені мұнда сіздің дұшпандарыңыз көп. Олар сізге жұмыс істеткізбейді, шетқақпай боласыз деп ақыл-кеңесін береді. Сөз арасында Димекең пойызда кетіп бара жатқанда, үйіңізге жазған хатты маған бергенсіз, мен оны жеңгейге тапсырып, алғыс алғанмын дегенде Әлекең орнынан тұрып, Димашты құшақтап, Құдай тағала маған қайырымды, жүрегінде иман, ақылында алғырлық бар өзіңді текке кездестірмеген екен деп, ертеңінде Қарағандыға жол тартады.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
жазушы-қонаевтанушы