Ғасырмен құрдас басылым

Ұлт ұстазы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер журналист Сайраш Әбішқызының «Қазақстан мектебі» журналы: 1925-2025 жылдардағы тарихи белестері» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Алаш зиялылары тұсында «Жаңа мектеп» атауымен жарық көрген журналдың мәні мен мазмұны арада бір ғасыр уақыт өтсе де өзекті. Салтанатты іс-шараға қатысқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, педагог ғалым Өрік Иманғожина, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ғылыми әдістемелік қызметтің басшысы Сырым Қасенов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер және т.б. ғалымдар осы мәселе төңірегінде ой өрбітті.
Кездесуді Ғылыми кітапхана директоры Бахытжан Оразалиев алғысөзбен ашып, ғасырмен құрдас басылымды жиырма бес жыл басқарған ғибратты ғұмыр иесінің өмірі мен еңбек жолына қысқаша тоқталды.
– Сайраш Әбішқызы – қазақ баспасөз тарихында өзіндік орны, ешкімге ұқсамайтын дара жолы бар тұлға, «Қазақстан мектебі» журналының кемелденуіне аса зор үлес қосқан қайраткер. Бұл кісіні бейбіт заманның күрескері деуге болады. Әсіресе, қазақ журналистикасының тағдыры үшін еткен еңбегі – өз алдына бір төбе. Адал еңбек пен қажымас қайраттың арқасында қатардағы қарапайым мұғалімдіктен бас редакторлыққа дейін көтерілді, осы жолдағы жетістіктері мен алған атақтары бүгінгі жастарға үлгі, – деді кітапхана басшысы.
Жаңа кітаптың жарық көруіне мұрындық болған «Дихан Қамзабекұлы ұлт ұстазының туған күніне орай елімізде тіл мерекесі белгіленгенін, осы күн мен тұсауы кесілгелі отырған «Қазақстан мектебі журналы: 1925-2025 жылдардағы тарихи белестері» атты кітабының арасында тікелей байланыс бар екенін айта келе, негізін Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды қазақтың біртуар арыстары қалаған журналдың өрісін одан әрі кеңейтіп, шыққан биігін жоғарылата беруде Сайраш Әбішқызының осындай көрнекті тұлғалардың ісін асқан жауапкершілікпен жалғастыра жүріп, ұлттық қоғамымыздың іргетасын белсенділікпен қаласып, небір өзекті мәселелердің шешімін табудың жолдарын іздеп, ұрпақ тәрбиесі үшін ерекше еңбек сіңіргенін және ел игілігі жолында қызмет атқарып жүрген зиялы қауым өкілдерімен жүздесу бүгінгі таңда біз үшін қажет екенін атап өтті.
Одан әрі сөз алған жоба авторы әу баста «Жаңа мектеп», кейін уақыт талабына қарай «Политехникалық мектеп», «Ауыл мұғалімі» «Халық мұғалімі» болып өзгерген бұл журнал 60-жылдардағы «жылымықтан» кейін «Қазақстан мектебі» атауын алып, салалық педагогикалық, ғылыми-әдістемелік бағытынан айнымағанын, бұл басылым көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлы Білім министрі (Халық ағарту комиссары) болып тұрғанда ашылғанын, оның бастапқы нөмірінен А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Садуақасұлы, М.Жолдыбайұлы, С.Сейфоллаұлы, М.Әуезұлы т.б. көрнекті авторлар атсалысқанын жеткізді. Құрметті демалысқа шыққаннан бері отыз жыл өзімен бірге көтеріп жүрген қолжазбаны кітап етіп шығарумен бірге оған алғысөз жазуына көмек сұрай барғанында қолдау білдіріп, жазғандарын реттеп, баспадан жарық көруіне ықыпал еткені үшін Сайраш Әбішқызы алдымен Дихан Қамзабекұлына және осы кітаптың шығуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Семей облысының Ақсуат ауданының Ерназар ауылында дүниеге келген Сайраш Әбішқызы әкесінің қырық жасында көрген бірінші баласы екенін, сегіз айлығында әжесі бауырына салып батырлар жырының рухымен, әже тәрбиесімен ауыз әдебиетінің, ертегілерінің, жыр-аңыздарының сиқырлы әсеріне бөленіп, елгезек, сезімтал, пысық болып өскенін, көркем әдебиетке әуестігінің арқасында топ алдында сөйлеуге қысылмайтынын, алғашқы еңбек жолын механизатор болып бастағанын, елу жылдай журналистік қызметте еңбек етіп, білім мен журналистиканы қатар алып жүргенін, қай жерде жүрсе де төңірегіне жанашырлығымен, түйткілді мәселесін тез шешіп беруімен ерекшеленгенін, барға тасымай, жоққа жасымай өмір сүре жүріп жеті кітап шығарғанын өз аузымен баяндай отырып, кезінде аттестациялық комиссияның тізімінде болып, бес баспа табақ көлеммен шыққан ғылыми-педагогикалық тұңғыш журналдың қазіргі жағдайына қынжылысын жеткізді. Бұл ретте ол «Қазақстан мектебі» журналын Оқу министрлігі емес, ғылыми-педагогикалық басылым болғандықтан, Ғылым министрлігі өзінің қарауына алса деген ұсынысымен бірге Алаш арыстарының құрметіне ұлт ұстазы туған Торғай облысының Алаш орда болып қайта құрылуын қолдайтынын жасырмады.
Шығарушы редактор, Қазақстан Республикасы ұлттық музейі ғылыми әдістемелік қызметтің басшысы Сырым Қасеновтың айтуынша, бұл кітап – С.Әбішқызының отыз жылғы маңдай тері. «Апаймен ауылдас әрі бір мектепте дәріс алғанымызбен, есіміне жасымнан қанық болып, ақыры Алматыда таныстық. Содан бері жиырма бес жылға жуықтапты. Жаңа басылым – үлкен бір теориялық еңбек. Сондықтан оны ғылыми-педагогикалық ұжымға таратып, ғылыми талқыға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өйткені «Қазақстан мектебі» журналының тарихы терең. Осы кітаптың шығуына аз да болса үлес қосқаным – мен үшін үлкен қуаныш. Жүз жылдық тарихы бар журналымыз жұқармасын» деді ол.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер болса, қазіргі таңда мектеп қабырғасында ғылыми жоба ұйымдастыру бойынша көптеген іс-шара өтіп жатқанын, отандық білім саласының қалыптасып, дамуындағы аталған салалық басылымның әр кезеңдегі мақсат-міндеті, жүріп өткен жолы, ағарту ісіне қосқан үлесі, көтерген әлеуметтік-мәдени жүгі, танымдық-ақпараттық қуаты, ұстаздар қауымы мен ата-аналар ортасындағы беделі, біліктілік сабақтастығы, әлемдік теория мен тәжірибені, отандық ізденіс пен сараптаманы талдау мен насихаттаудағы рөлі жан-жақты баяндалған бұл журналды зерттеп қана қоймай, оны оқушылардың ғылыми жоба ретінде қолға алуы жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ