«Ғашықтар» саябағында флешмоб
Астана қаласы Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Қыздарай» халық ансамблінің қатысушылары «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік флеш-моб өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұжым елордада ғана танымал емес, «Қыздарай» ансамблі Қазақстанның өңірлері мен жақын шетелдерге де гастрольдік сапармен барып жүр. Ансамбль жетекшісі Ирина Смағұлованың айтуынша, өткен және алдыңғы жылы ұжым Қырғызстан мен Өзбекстанға барып, Summer Fest Kyrgyzstan және SUMMER FEST TASHKENT байқауларына қатысқан. Қырғызстанда халықтық және классикалық би номинациялары бойынша бақ сынаған.

Аталған байқауға қырықтан астам хореографиялық ұжымдар қатысыпты. «Қыздарай» — екі номинация бойынша жеңімпаз атанып, Гран-при мен бірінші орынды жеңіп алды. Ыстықкөлде ансамбль көрермендерге «Әсемдік», «Биле-Биле» және «Экспрессия» композицияларын ұсынған. Өзбекстанда ұжым әртүрлі номинациялар бойынша үш Гран-при алды. Биыл Түркияға баруды жоспарлап отыр, сондай-ақ топтың мерейтойы аясында елордада шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап отыр.

Ұжымның басты жаңалығы — 2025 жылдың қараша айында ансамбльдің Халықтық мәртебеге ие болуы. Репертуарында қазақтың халық билері мен әлем халықтарының билері бар. Ансамбль бишілерінің жасы 62-76 жас аралығында. Наурыз мерекесіне арналған флешмобқа 50 биші қатысып, астаналықтарға көтеріңкі көңіл — күй сыйлады.



