Қазақ ғылымы мен руханиятына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел. Ол – мемлекеттік басқарудың қыр-сырын меңгерген білікті маман ғана емес, сонымен қатар адам жанының инженері іспетті терең пайымды ойшыл, қоғам қайраткері.
1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал топырағында дүниеге келген Мырзагелді Кемелдің өмір жолы – үздіксіз ізденістің үлгісі. Ташкенттегі техникалық білімнен бастап, кейін заңгерлік мамандықты меңгеруі оның білімге құштарлығын аңғартады. Инженерліктен бастап кеңшар директоры, аудан басшысы Президент Әкімшілігінің қызметкері және Парламент Мәжілісінің депутаты деңгейіне дейін көтерілуі оған мемлекеттік тетіктің қалай жұмыс істейтінін іштей сезінуге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе кейіннен оның «интеллектуалды басқару» концепциясының негізіне айналды.
Мырзагелді Кемелді өзге ғалым-жазушылардан ерекшелейтін басты қыры – ғылыми ойды рухани-адамгершілік мазмұнмен ұштастыра білуі. Осы бағыттағы негізгі еңбектері – «Абзалдық әліппесі» және оның жалғасы іспетті «Ақыл қалта» кітаптары. Бұл туындыларда ол адам болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Автордың пайымдауынша, нағыз ғалым немесе басқарушы болу үшін ең алдымен «абзал адам» болуға ұмтылу шарт. Ол Абайдың «Толық адам» концепциясын қазіргі заман тілімен сөйлетті. Қазақы дүниетанымдағы «инсаниат» (адамгершілік) ұғымын нарық заманының талаптарымен ұштастырып, ар, ұят, қанағат пен имандылық категорияларын ғылыми-философиялық тұрғыдан талдады. Оның ғылыми ізденістері мен әдеби туындыларында ұлттық мүдде мен жалпыадамзаттық құндылықтар ажырамас бірлікте көрініс табады. Академик Ғарифолла Есім өзінің еңбектерінің бірінде М.Кемелді «жаңаша ойлауға сілкініс туғызатын ойшыл» деп бағалауы да тегін емес.
Мырзагелді Кемелдің ғалымдық болмысы мемлекеттік басқару саласында ерекше жарқырап көрінді. Ол – Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиындықтарын теория мен практиканы ұштастыра отырып еңсеруге ұмтылған ізденімпаз.
М.Кемел мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың басты шарты ретінде жүйелілікті (systemic approach) атап көрсетті. Ол нарықтық экономикаға өту барысында «соқыр еліктеушіліктен» сақтандырды. «Қытайға барсақ қытайша, Түркияға барсақ түрікше» икемделудің қауіпті екенін ескертіп, басқару моделі ең алдымен ұлттық менталитет пен ішкі ресурсқа негізделуі тиіс деп есептеді. Ғалым ретінде ол нарықтың әлеуметтік мәселелерге «жаны ашымайтынын» жақсы түсінді. Сондықтан мемлекеттік басқарудың басты міндеті – әлеуметтік қорғауды төмендетіп алмау екенін ғылыми негіздеді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Менеджмент» кафедрасында қызмет ете жүріп, Мырзагелді Кемел басқарушы кадрлардың этикалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметшінің кәсіби білігі адамгершілік ұстанымымен тең түсуі тиіс: билік – артықшылық емес, халық алдындағы жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, ол қоғамдағы бұл құндылықтық дағдарысты тек заңмен емес, ішкі рухани тәрбие мен «ар-ұят бақылауын» күшейту арқылы еңсеруге болатынын насихаттады. Мырзагелді Кемел – ғылым мен руханиятты, билік пен адам болмысын бөліп-жармай, бәрін бір арнаға тоғыстырып қарастырған сирек тұлға десем, қателеспеймін. Оның мұрасы – тек экономикалық есептер мен заңнамалық актілердің жиынтығы емес, ұлттық намысты тірілтіп, адамзатты парасатқа бастайтын рухани қазына. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде М.Кемел нағыз «ғалым-депутаттың» үлгісін көрсетті. Ол ауыл шаруашылығын механикаландыру, инвестиция тарту және жер қатынастары мәселелерінде заңның әрбір тармағына экономикалық сараптама жасады. Ол үшін басқару – қағаз жүзіндегі есеп емес, халықтың әл-ауқатын жақсартудың тікелей құралы болды.
Ол мемлекеттік қызметтің мәнін «елге қызмет – адамдық парыз» деген биік деңгейге көтерді. Бүгінгі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының алғашқы рухани негіздері мен басқару этикасының қағидалары М.Кемелдің еңбектерінде сайрап жатыр. Ғалымның салған парасат жолы – келешек ұрпақ пен жас басқарушылар үшін адастырмас темірқазық. Осы тағылымды жас буынға жеткізу мақсатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мазмұнды бастамалар жүзеге асырылып келеді. ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойы аясында 2026 жылғы 26 ақпанда «Менеджмент» кафедрасы білім алушыларға арналған «Мырзагелді Кемел тағылымы: Ой, өріс, өркениет» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырды. Іс-шараға Мырзагелді Кемелдің жары Зиба апай мен ұлы Бақытжан Мырзагелдіұлы қатысып, қатысушыларға жүрекжарды тілегін жолдады. Олардың естелігі мен жылы лебізі кештің мазмұнын тереңдетіп, жастарға өнегенің тірі үлгісін көрсетті. Университет басшылығы тарапынан да қолдау білдіріліп, игі бастаманың жалғасын табатыны айтылды.
Еуразия ұлттық университетінде ғалым есімі берілген дәрісханда жыл сайын өтетін дөңгелек үстелдер мен конференциялар, сондай-ақ студенттерге арналған зияткерлік сайыстар – оның мұрасының бүгінде өміршең екенін көрсетеді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы: артында өнегелі іс, ғибратты сөзі қалған арда азаматтың аяулы есімі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Ерғали ӘБЕНОВ,
шәкірті


