Ғалымдар неге үнсіз? Бұл ғылымға қиянат емес пе?

Кеңес Одағы кезінде қаламгерлер мен оқырмандардың кездесуі жиі ұйымдастырылатынынан арғы беттен келген біздің де хабарымыз бар. Әдеби кеш, шығармашылық сағат, кітапхана мен мәдениет үйінде жазушы мен халық арасында тікелей байланыс орнайтын. Бұл үрдіс тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біртіндеп үзіліп, бүгінде сирек кездесетін жағдайға айналды.
Ұрпақ пен руханият арасындағы көпір
Қазір ақын-жазушылардың шығармашылық кеші, негізінен, мерейтой датасына немесе ірі мәдени шараға байланысты ғана өтеді. Ал күнделікті жүйелі түрде оқырманмен жүздесу, жаңа кітапты талқылау, жастарға ой-пікір айту дәстүрі жалғасын таппай отыр. Сондықтан бүгінде қазақ әдебиетінде жазушы мен оқырман арасындағы тікелей байланысты жаңғырту аса өзекті мәселе десек, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының бастамасымен жүзеге асып жатқан жаңа әдеби жоба – «Қаламгер ұстаханасы» осы олқылықтың орнын толтыратын үлкен мүмкіндік болды.
Әдебиетті тек мерейтойлық деңгейде емес, күнделікті рухани қажетке айналдыру, әдебиет пен өнерге ынталы жастардың ой-өрісін кеңейту, олардың қаламгерлермен бетпе-бет жүздесіп, еркін сұхбат құруына мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылған «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы әр кездесу шығармашылық диалог пен рухани ізденістің алаңына айналуда. Сол кездесудің бірі белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының шығармашылығына арналды. «Түркінің көне тарихы» атты тақырыптағы лекцияға зиялы қауым өкілдері, студент жастар және әдебиетсүйер көпшілік жиналып, қаламгердің тарихи зерттеулері мен еңбектері туралы пікір алмасты. Ұлттық болмыс пен тарих тағылымы жайлы жазушының ой-толғаныстары жас буынға терең әсер қалдырды. Әсіресе, Қойшығара ағаның ашқан үш жаңалығы және оның ескерусіз жатуы кеш қонақтарына үлкен ой салды.
Елемеу ме, әлде немқұрайдылық па?
Қазақтың көрнекті тарихшысы, жазушысы Қойшығара Салғараұлы түркі халықтарының шығу тегіне, ежелгі жазу тарихына, адамзат өркениетіндегі орнына қатысты тың тұжырымдар ұсынып, түркілердің жаһандық тарихтағы рөлін қайта қарастыру қажеттігін алға тартып келеді. Алайда Қазақстан тарихшылары бұл еңбектерді талқылап, пікір білдіруге асығар емес.
Басылым беттерінде тұлға жайлы сөз қозғалса, көп жағдайда, оның тұлғалық болмысын танытатын ерекше еңбегі, азаматтық қасиеті ашылмай, тек әншейін жер-көкке сыйғызбай жалаң мақтау әдетке айналып барады. Бардың бағасын ғылыми тұрғыдан талдап, таразылау кемшін. Мұның солай екенін бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Салғараұлы еңбектерінің бағалануынан анық аңғаруға болады. Рас, бұл кісі туралы айтушылар да, жазушылар да баршылық. Бірақ бәрінің айтары: «Қойшығара тарихты тереңнен қопарып жатыр, Қытайдан көп дерек әкелді, мынадай кітаптар жазды» деген бір сарынды ақпараттық мәліметтер ғана. Ең болмаса, қазақ тарихын тереңнен қопарып жатса, одан не жаңалық тапты? Қытайдан көп дерек әкелсе, ол қандай дерек, қандай жаңалығы бар, әлде сол бұрыннан бар мәліметтерді қайталау ма? Бұлардың біріне де нақты жауап жоқ. Зерттеушінің кездесуде айтылған сөзіне қарағанда, халқымыздың көне тарихына қатысты соңғы 20-30 жылда жазған «Адамзат өткен ұзақ жол», «Адамзаттың ата тілі. Алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген?», «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар», «Түріктер» тәріздес іргелі зерттеулерінің «Алтын тамыр» деп аталатын роман-эссесінен кейінгі бірде-бір кітабына ғылыми тұрғыда талдау жасалып, жетістігі неде, жіберген қателігі, кемшілігі қайсы екені көрсетіліп, сараланбаған. Оқырмандармен кездесуде қаламгер осы «өкпесін» де сөз арасында бүлк еткізді.
Ақсақал оқырмандармен кездескенде: «Мақтанып отыр демеңіз, мен адамзат тарихы мен мәдениетіне қатысты 3 әлемдік деңгейдегі жаңалық, ал ұлт тарихына қатысты бұрын айтылмаған 40-қа жуық жаңалық пен сол шамалас түзетулер қостым деп сеніммен айта аламын» деп сөз бастады. Жазушы айтқан бұл жаңалықтар да, тың тұжырымдар да баспа бетін көрді, сұхбаттарында да айтылып жүр. Бірақ бұған ешкім назар аударып, «ау, бұл қалай?» деген емес, өлі тыныштық. Тым құрыса, Қойшығараның әріптестері, тарихшылар, зерттеушілер біреуі тіс жарып, дұрыс-бұрыстығын айтқан жоқ. Ештеңе көрмегендей, естімегендей тым-тырыс. Бәлкім, бұл тек Қойшығара Салғараұлының басындағы жағдай емес, басқа ғалымдардың да басында бар жағдай болар. Бұл, сайып келгенде, Қазақстандағы ғылыми ортада қалыптасқан дәстүрлі көзқарасты өзгертуге деген құлықсыздық барын көрсетсе керек. Осыған қарағанда, біздің қоғамды немқұрайдылық жайлап бара жатқан жоқ па деген ойға келесің. Мүмкін, «үлкен ақсақал ғой» деп аяушылық білдіріп, бірдеңе айтқысы келсе де, үндемей жүрген ғалымдар да бар шығар. Бірақ ғылымға ақсақалдық жүрмейді ғой. Бұл жолда біз дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс демесек, ғылым қалай дамиды? Тарих қалай тереңге тамыр тартады? Бәріміз ұлттың ортақ мүддесін ойлауды қойып, «әр кәллада бір қиял» деп қара бастың қамымен жүре берсек, ұлттық идеология қалай қалыптасады?! «Алдыңғыға мұрагер, кейінгіге бұйдагер» болуды көздейтін саналы ұрпақты осы сұрақ мазалайды.
Өз тарихымызға өзіміз үңілейік
Бұл арада ғылыми дискурстағы шектеулерді, нақтылап айтқанда, Қазақстан ғылымында ұзақ жылдар бойы еуропалық методология басымдыққа ие болып, түрік өркениетіне қатысты тың тұжырымдар көбінесе шеттетіліп келе жатқанын жоққа шығармаймыз. Бірақ қашанғы өз тарихымызға, өз мәдениетімізге өзгенің көзімен қараймыз?! Ел тәуелсіз болғанмен, сана тәуелсіз болмаса, ол «тәуелсіздіктен» не қайыр?!
Қойшығара Салғараұлының еңбектерінде түрік халықтарының әлемдік өркениеттегі орны жаңа қырынан қарастырылады. Оның басты тұжырымының бірі – адамзат өркениетінің қалыптасуында түрік халықтарының маңызды рөл атқарғаны. Сондай-ақ оның лингвистикалық және мифологиялық зерттеулері түрік халықтарының көне дәуірден бері өзіндік жазу мәдениеті мен өркениет жетістіктеріне ие болғанын дәлелдейді. Әрине, бұл пікір қазіргі еуроцентризмге негізделген тарихнамалық әдіснамаға қайшы келеді. Бірақ бізше, Қойшығара Салғараұлы бұл деректерді негізсіз, дәйексіз айтып отырмаған секілді.
Қазіргі тарихи зерттеулерде түркі халықтарының тарихы VI ғасырдағы Түрік қағанатынан бастап қарастырылады. Бұл туралы Қойшығара Салғараұлы: «Біз түркілердің тарихын VI ғасырдан ғана бастаймыз. Ал оған дейінгі мыңдаған жылдық тарихымыз қайда? Түркілер аспаннан түскен жоқ қой!» деп мәселе көтереді. Оның пікірінше, түркілердің тарихы әлдеқайда тереңде, ежелгі өркениеттермен сабақтасып жатыр. «Шындығына келгенде, «түрік» атауы тек ХІХ ғасырдың аяғында дат ғалымы В.Томсен Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі беймәлім құпия жазуды оқудың кілтін тауып, оны 1893 жылдың 15 желтоқсанында Данияның Ғылым академиясы президиумының алдында жалпы жұртқа жария еткенінен кейін ғана барып біртіндеп атала бастағаны мәлім. Онда да түрік халқы тек х. э. кейінгі VI ғасырда шаңырақ көтерген, ресми тарихта «Түрік қағанаты» деп аталатын мемлекеттің тұрғындары ретінде ғана танылды. Өкініштісі – «түрік» аталған осы мемлекеттің тұрғындарының да, сондай-ақ олардың ежелгі ата-бабаларының да және олар пайдаланған жазудың да осы VI ғасырдан да бұрын болғаны, соған қарамастан, бұлардың бірде-біреуінің, атап айтқанда, не халқының, не олардың ата-бабаларының, не жазуының осыған дейін неліктен «түрік» деп аталмай келгені ешкімді ойландырмады. Соның салдарынан «түрік халқы – VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деген тұжырым тарих ғылымына еніп, ақиқаты анықталған ғылыми тұжырымдама ретінде берік орнықты. VI ғасырдан бұрын түрік халықтары болмаған деген ұғым қалыптасты. Оған дейін әлем ғалымдарының адамзат баласын «европеоид», «негроид», «монголоид» деп нәсілдік жіктеуінде түріктер моңғолтектес халық ретінде танылып келгені баршаға аян. Тек дат ғалымы В.Томсен ХХ ғасырдың аяғында көне түрік жазуының кілтін тауып, тас жазулар тіл қатқаннан кейін Шығыста «Түрік» атты империяның болғаны анықталып, бұрынғы «монголоид» деген атаудың «түрік-моңғолтектес» деп өзгертілгені де кеше ғана ғой. «Түрік мемлекеті», «түрік өркениеті», «түрік жазуы» деген ұғымдар да ғылымға содан кейін енді емес пе?! Осы себепті кейінгі заман ізденушілері түрік халықтарының көне тарихын тек Түрік қағанатының тарихынан бастауға мәжбүр болды» дейді тарихшы.
«Бөспебай» жеткен биік
«Алтын тамырда» Қойшығара Салғараұлы: «Ресми тарихтың түрік халықтары VI ғасырда Алтайдан шыққан» деген тұжырымы дұрыс емес, түрік халықтары адамзат жаралғаннан бері бар халық, түрік тілінің тамыры да адамзат жаралған мезгілден бастау алады. Өйткені оның кейбір дыбыстарында табиғаттағы дыбыстар бар» деген көзқарас айтады. Сол дәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әдебиет және тарих» деген тақырыппен Манаш Қозыбаев көлемді мақала жазып, Ілияс Есенберлиннен бастап, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин … бәрін сынап, Қойшығараға «Бөспебай» деген ат беріпті. Бір қызығы, Қойшығара Салғараұлының сол мезгілде айтқан «адамзат баласының түп атасы – түріктер» деген ойды кейін шетелдің ғалымдары да айта бастаған. Атап айтқанда, ресейлік Ю.Н.Дроздов, латыштық Г.Шуке, америкалық Gene Matlock секілді ғалымдар адамзаттың түріктен жаралғаны жөніндегі еңбектерін жариялап, адамзаттың түріктен шыққанын ел-жұрт, жер-су атаулары арқылы дәлелдейді. Бірақ сонда да «мына ойды біздің ғалымдар да айтып еді-ау» деген жан болған жоқ. Бұл да Қазақстанда жаңа тарихи теориялар сирек талқыланатынының, тарих ғылымында қалыптасқан догмалардан ауытқудың қиындығын, көп ғалым бұрыннан келе жатқан тұжырымдарды қайталаумен шектелуінің салдары болса керек.
Қойшығара Салғараұлы қазақ тарихының бұрмаланғанын, «қазақта жазу-сызу, өркениет болмады» деген қате түсініктің тамыр жайғанын да сынға алады. Ол түркі халықтарының ежелден қалыптасқан атау-ұғымдарының өзгеріске ұшырағанын атап көрсетіп, тарихи атаулардың шынайы мағынасын қайта қарастыру қажет екенін алға тартады. Автордың пікірінше, сақ, ғұн, жужан сияқты атаулардың шынайы мәнін түсіну түркілердің өркениеттік орнын дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азия, Кипр, Найман, Рос сияқты көптеген атаудың да түркілік түбірі барын дәлелдейді.
«Бізді «қазақта жазу, өркениет болмады, мал соңында жүрді» дейтін теріс түсінік құртты. Оның басты бір айғағы біздің көне тарихымыздағы қазақтың ата-бабасы саналатын ұлыс-тайпалардың біреуінің де аты дұрыс емес. Сақ, скиф, ғұн, жужан, сиәнби атауларының бәрі қате, көне атауларымыздың арасындағы дұрысы – «түрік» атауы ғана. Оның өзін В.Томсон анықтағанға дейін Н.Бичурин «дуылға» деп аударды, қазақ тарихшыларының кейбірі оны «дулат» деп алды. Франция ғалымы Клапрот оны «тақия» деп аударды. Тек дат ғалымы Томсон 1893 жылы өз жаңалығын жария еткеннен кейін барып оның «түрік» деген сөз екенін білдік» дейді ғалым.
Әлемдік жаңалық тасада қала ма?
1900 жылы ағылшын археологы Артур Эванс Кипр аралынан ғажайып тарихи деректер тапты. Сол тарихи жәдігерлердің арасында қыш тақтайшаға жазылған жазулар бар. Сол жазуды әлемнің көне жазуды оқитын ғалымдарының бәріне жіберген. Олар оның «Сызықты А жазуы» екенін анықтады. Бірақ жазуды оқи алмай, оны «қазіргі ғылымға белгісіз, тым көне заманда із-түссіз жоғалып кеткен белгісіз халықтан қалған мұра» деп қорытынды шығарып, «этеокипр» деген ат берген. «Сызықты А жазуымен» жазылған сөздерді латын әрпіне түсіріп, әлемнің барлық академиясына жіберген. Осы жазуды жас зерттеуші, жамбылдық орыс тілді журналист Амантай Айзахмет өзінше оқып, соның негізінде 2004 жылы «Рождение тюркского мира» деген кітабын шығарады. Бірақ ғылыми орта оның бұл жаңалығын қабылдамай, «мұны сен түгілі, әлемнің көне жазуларының жілігін шағып, майын ішкен небір ғұламалар оқи алмаған» деген желеумен зерттеушінің талай жылғы еңбегін жоққа шығарады. Осы жағдайды білген абайтанушы ірі ғалым Мекемтас Мырзахметов еңбегі еш болып түңілген Амантайға қолдау көрсетіп, Қ.Салғараұлына жібереді. Өзі арнайы телефон шалып, Амантайға көмектесуін өтінеді. Осылайша, жас зерттеушінің еңбегімен танысқан Қ.Салғараұлы «Сызықты А жазуы» деп аталған «этеокипр» жазуының ғылымға белгісіз көне түріктің жазуы екенін бірден аңғарады. Бірақ орыс тілді зерттеушінің ондағы көне сөздердің біразының нақты мағынасын түсіне алмағанынан ондағы мәтіндердің айтпағы бұлдырланып, мағынасын анықтау қиындық туғызғанын біледі. Содан кейін Амантайдың өзімен хабарласып, жазуды қайта қарап шығуына ақыл-кеңес береді. Бірақ көп ұзамай Амантайдың қайтыс болғанын естиді.
Бұдан кейін Қ.Салғараұлы Амантай ашқан үлкен жаңалықтың халқымыздың тарихы үшін аса қажеттілігін ескеріп, бар жұмысын тастап, этеокипр жазуын өзінше оқуға кіріседі. Сондағы Амантай оқыған қыш тақтайшалардағы жазудың латын әрпіне түсірілген мәтіні мынау: «anamatoriumiesaimukulailasanaarisitonosearatovanakasokoosekerakeretulosetakanaku». Осыны Қойшығара Салғараұлы жеке сөздерге бөліп, кириллица арқылы бергенде: «Анама тор иумі ес айму, құл айлас, ана ірі ісі тон өссе, әр ата пана қас оқ өссе, керек ер ет ұл өссе, ана тақ қу» деген болып шыққан. Мұның мағынасы «Анама билікті ию (таласу) айымның ақылы емес (ол), құлмен бірдей болу. Ана ірі ісі тон шығарса (тіксе), әр пана болар ата нағыз оқ шығарса (жонса), (ел) керек етер ұл өсірсе, тақ ананы өзі қуады».
Амал не, бұл жаңалық та аяқсыз қалған еңбекке айналды. Мемлекет жағынан мән беріліп, ғалымдардың басын қосып, тым құрыса «Қойшығара не сандырақтап жүр?» деген пенде болған жоқ. Тіпті мұндай жаңалықты қазақ ғалымдары ашпақ түгілі, талқылауға болмайтындай, тұтас қоғам меңірейіп үнсіз жатыр. Егер Кипрдегі «Сызықты А жазуын» талдаған халықаралық зерттеулерді қарастырып, олардың тұжырымдарына салыстырмалы талдау жасалса, түркітанушы, археолог, лингвист ғалымдармен сұхбат жүргізіп, бұл оқылымға қатысты пікірін білсе, көне жазуларды дешифрлеумен айналысатын заманауи әдістерді зерттеп, жасанды интеллект пен компьютерлік лингвистиканың мүмкіндігін пайдаланса, бұл мәселенің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу қазір онша қиын болмаса керек. Өйткені ЖИ бірнеше мыңдаған жазба үлгілерін талдап, жиі қайталанатын таңбаларды анықтай алады. Сондай-ақ мәтіндік құрылымдарды, сөздердің орналасу заңдылықтарын анықтап, белгілі тілдермен салыстырып, ықтимал сәйкестіктер табады. Мәселен, 2021 жылы ЖИ негізінде көне грек мәтіндерін қалпына келтіру моделін жасап шығарды. MIT пен Google-дің бірлескен жобасы – ЖИ көмегімен шумер сына жазуларын автоматты түрде тану жүйесін жасап жатыр. Сондай-ақ финикия жазуын оқудың жаңа алгоритмін жасап шығарды. Демек, жоғарыдағы құпия жазуды осы әдіспен оқуға және талдау жасауға мүмкіндік бар. Қазақстан да жасанды интеллектті күш сала дамытып жатыр, техникалық жақтан да мүмкіндік жоқ емес. Мәселе құлықсыздықта, өз ғалымдарымыздың еңбегіне деген құрметтің жоғында. Египеттің көне жазуының құпиясын ашқан Жан-Франсуа Шампольон да, орхон жазуының кілтін тапқан В.Томсен де бар болғаны бірі – «Птолемей», «Клеопатра», екіншісі – «Тәңір», «түрік» деген екі сөз арқылы ашқан жоқ па?! Көріп отырсыздар, Амантай мен Қойшығара оқыған сөз бен сөйлем қаншама. Енді ойлаңыз, осы оқылу дұрыс болса, Крит пен Кипрден табылған 10 мың қыш тақтайшадағы жазу қазақша сөйлесе ше?! Тіпті қазақтың бір ғалымы әлем ғұламалары оқып, құпия жазуды дұрыс оқыған, тым құрыса, жекелеген сөздерді дөп тапқан болса ше? Біздің ғалымдар ашқан жаңалық осыдан 10-15 жылдан кейін, Қойшығараның көзі кеткеннен кейін, шетел ғалымдары жағынан дәлелденіп жатса, оның обалы кімде қалады?! Қойшығарамен кездесу бізге осындай ой салды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ