Қоғам

Ғалымдар әлеуетін пайдалану керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс екенін атап өткені белгілі. Осыған байланысты Астана қаласындағы білім беру ұйымдары мен елордада орналасқан жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары арасында жасанды интеллект негіздерін меңгерту бойынша, яғни «Ғылым – Білім – Инновация» үштігі бірлесе отырып, адами капиталды дамытуға жұмыс істеу қажеттігіне байланысты төмендегідей ұсыныстарды енгізгім келеді:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздегі негізгі салаларды цифрландыратын маңызды қадам екенін, бұл Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне ықпал ететінін айтқан болатын.

Еуразия ұлттық университетінде PARAM BILIM 2 суперкомпьютері ашылғанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. PARAM BILIM 2 қазірдің өзінде жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптографияны қоса алғанда, 30-дан астам ғылыми бағыттар бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер үшін қолданылады.Сондай-ақ, халықаралық әзірлеушілермен суперкомпьютердің функционалдығын кеңейту туралы келіссөздер жүргізілуде. Ендеше Астана үшін де цифрлық даму мәселесін шешу үшін ғылыми жобаларға тапсырыс беру керек деп ойлаймын. Жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, елордалық ғалымдарды осы игілікті іске тарту тетіктерін қарастырған жөн деп санаймын.

2. Колледжден кейінгі білімді жалғастыру үшін ІТ саласында Жоғары оқу орындарының қысқартылған білім беру бағдарламаларына жергілікті білім грантын тағайындау арқылы да мамандар даярлаудың мәні зор деп есептеймін.

3. “Жасанды интеллект технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша да қала үшін мамандар даярлау ісін жүйелі түрде жүзеге асырудың тетіктерін қарастырғанымыз дұрыс болар еді деген ойдамын. Ендеше, Қазақстанның цифрлық ел болу стратегиялық мақсатына жету үшін өз үлесімізді қосайық, әріптестер!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button