Германия университетінің филиалына талапкерлерді қабылдау басталды

Қазақстанда ашылған Германия университетінің филиалына талапкерлерді қабылдау басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Energo University базасындағы германиялық Hochschule Anhalt университетінің филиалы бакалавриатқа студенттерді қабылдауды бастады. Конкурс арқылы іріктеуден сәтті өткен студенттер үшін 100 мемлекеттік грант қарастырылған.
Алматыдағы Anhalt International University филиалы «Биомедициналық инженерия» және «Электротехника және ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша талапкерлерді қабылдайды. Аталған білім беру бағдарламалары еңбек нарығының қазіргі сұранысына сай таңдалған. Оқуын сәтті аяқтаған түлектерге бірден екі үлгідегі – неміс және қазақстандық диплом беріледі.
Филиалда білім алушы жастар үшін қолайлы жағдай жасалған. Ғылыми зертханалар мен оқу аудиториялар заманауи технологиялармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде студенттердің электроника, биомедицина және IT салаларындағы зертханалық және практикалық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
«Бұл – білім іздеген қазақстандық жастар үшін жасалған ауқымды бастама. Яғни Қазақстанда жүріп, Германияның алдыңғы қатарлы университетінің дипломын алуға және инженерлік бағытта сапалы білім алуға мүмкіндік береді», – дейді Hochschule Anhalt университетінің Президенті Йорг Багдан.
Оқу үдерісі сертификатталған еуропалық білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Германиядан келген білікті профессорлар мен ғалымдар дәріс береді. Сонымен қатар бакалавриат бағдарламалары аясында неміс тілін оқыту қарастырылған.
«Hochschule Anhalt университетімен ынтымақтастық – Energo University үшін стратегиялық бағыт. Біз студенттерге Еуропаның үздік білім беру тәжірибелеріне Қазақстанда отырып-ақ қол жеткізуге мүмкіндік беретін алаң құрып жатырмыз», – деді Energo University ректоры Ғани Нығыметов.
Айта кетейік, Германияның қолданбалы ғылымдар саласындағы жетекші университетінің филиалы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германияның Қазақстандағы Бас консулдығының қолдауымен ашылған болатын.
Филиалға қабылдау талаптары мен құжаттарды тапсыру тәртібі жөніндегі барлық сұрақтар бойынша +7 707 837 33 77 нөміріне хабарласып, толық ақпарат ала аласыз.