Газға қосылу қарқынды

Астанада газдандыру жұмысы жүйелі жоспармен қарқынды жүргізілуде. Елорданың тұрғын алаптары мен энергия нысандары кезең-кезеңмен көгілдір отынға қосылып жатыр. Бүгінгі таңда қаладағы бірінші және екінші жылу-электр орталықтарындағы 16 қазандық газға көшірілген.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы ең ірі №3 автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа станция құрылыс қарқыны мен энергия тұтыну мөлшері артқан жағдайда қала мен агломерацияны тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.
Шаһар басшысының айтуынша, станцияның өткізу қабілеті сағатына 350 мың текше метр газды құрайды. Аршалы ауданынан (Ижевск ауылы) Астананың Оңтүстік-батыс айналма жолына дейінгі ұзындығы 67,6 шақырым болатын магистралдық газ құбырлары салынды. Қазіргі уақытта газ құбырын сынау жұмысы жүріп жатыр. Осыған дейін Астананы толық қамтыған «газ сақинасын» салу жөнінде ауқымды жоба жүзеге асырылды, соның арқасында қала толықтай айналдыра қамтылды. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті, газбен жабдықтау сенімділігін және тұрақты гидравликалық режимді қамтамасыз етеді. Станцияны пайдалануға беру 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланып отыр.
«Жуырда Шұбар елді мекені газға қосылды. Осы жұмыс аясында 7,5 км орташа қысымды газ құбыры, сондай-ақ 31,3 км төмен қысымды ішкі тарату желілері салынды. Нәтижесінде елді мекендегі 890 тұрғын үй газға қосылды. Осыған дейін барлығы 950 км газбен жабдықтау желісі салынды. Қазіргі уақытта тұтынушыларды табиғи газбен қамту Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-шығыстың оң жағы, Оңтүстік-шығыстың сол жағы, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный, Family Village, Vela Village, Үркер, Тельман, Кирпичный елді мекендерінде, сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын аудандарында және қаланың ескі бөлігіндегі Г.Потанин көшесінде жүргізілген. Газға 13,8 мыңнан астам абонент қосылған» дейді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-да 16 қазандық газға көшірілді. «Тұран» және «Оңтүстік-шығыс» газ жылу станциялары салынып, олардың жалпы қуаты 950 Гкал/сағ-қа жетті. Қазіргі уақытта қуаты 620 Гкал/сағ-ты құрайтын «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жүріп жатыр.



