“Гауһартастың” қаһарманы

Ернар Мұхамбетті студент күнімнен білемін. Қазіргі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне бір жылы түсіп, бір жылы бітірдік. Студент күніндегі бейнелері көз алдымда. Ал театрдағы кейіпкерлеріне келсек, ол – өз алдына ерекше әлем.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ашылған күннен бастап қызмет етіп, сахнаға адалдағынан айнымайды. Әр рөліне ерекше қызығушылық пен дайындықпен келеді. Ал Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасындағы Әскербек болса, театр сүйер қауымның жүрегіне жететін кейіпкер екені даусыз.
Әскербек-Ернар – жаңашылдыққа, өзгешелікке ұмтылған жан. Оның көзқарасында ескілікті тастап, заман ағымына қарай жүрейік, көштен қалмайық деген талпыныс бар. Той сахнасында Әскербекке сүйсінесің. Оның биі, салған әні, тойды әдемілеп жүргізіп кетуі Әскербектің жан-жақтылығын білдіреді. Әскербектің тағы бір өзгешелігі – мұрт қоюында. Мұрт Әскербектің еліктеушілігін, оның ауыл жігіттеріне ұқсағысы келмейтінін айғақтайды. ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахилям Машурованың «Эпизодтық рөлді ойнау, басты рөлді орындағаннан да қиын» дейтін жақсы сөзі бар. Ернар осыны ұтымды пайдалана білді.
Алайда «Гауһартас» қойылымында эпизодттық кейіпкер жоқ. Әр кейіпкердің өзіндік тағдыры, өзіндік ішкі трагедиялары бар. Әскербектің ішкі жан-дүниесінде, психологиясында қаншама дүниелер арпалысып жатыр. Әскербек те Салтанатқа ғашық. Салтанатты Тастанға қимайды. Салтанатты жан-тәнімен жақсы көреді. Салтанатқа деген махаббатын Әскербек-Ернар актерлік көзқараспен білдіреді.
Әскербек – спектакльдің қозғаушы күші, байланыстырып тұратын көпірі. Оның бірнеше дәлелі бар. Біріншіден, Салтанатқа деген сезімі. Оны өзгеге қимауы. Әскербек Тастанды Салтанатқа лайық емес деп санайды. Себебі, Салтанат – нәзік, сұлу, адамгершілік қасиеті бір төбе мейірімді жан. Осындай мейірімді адамның қатыгез Тастанға жар болуы әділетсіз деп санайды. Екіншіден, оның болжамдылығы. Ол Тастан мен Салтанаттың түбі бірге болмайтынын, екеуі жараспайтынын айтады. Тұрымбеттің қырылып қалатының алды ала болжайды. Міне, осылардың барлығы Әскербектің байланыстырушы кейіпкер екенін дәлелдейді.
Әскербек – М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Керім, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Сердәлі, У.Шекспирдің «Отелло» шығармасындағы Яго сынды туындының көпір-қаһарманы.
Салтанат – нағыз романтик жігітке лайық қыз. Әскербек соны біледі. Сол үшін Салтанатпен бірге болу үшін, оған сезімін білдіру үшін күш салады. Бұл сәтсіз болады. Әскербекті көрермен жек көрмейді, жақсы көреді. Оның ұмтылысына, Салтанатқа деген ыстық сезіміне, іштей жанашырлығына риза болады. Сол үшін театр сүйер қауым Әскербек-Ернардың актерлігіне ықыласын білдіреді.
Белгілі театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор ұстазымыз Әшірбек Сығайдың «Қалың көпке бiрдей жағу қиын нәрсе. Ол – өте сирек болатын процесс. Барлығына бiрдей ұнау деген болмайды. Өйткенi әркiмнiң өзiндiк «менi», өзiндiк талғамы, қисыны, қабылдау жүйесi, қорыту деңгейi, мүмкiндiгi болады» дейді. Ал Ернар – осы қиын нәрсені жеңіп, Әскербектің әсерлі бейнесі арқылы көпшілік қауымға ұнайтын актер. Талғампаз көрерменнің көңілінен шығатын кейіпкерлерін азаймасын Ернар, шығармашылық табыс тілеймін!
Бахтияр Тұрсын,
театртанушы