ГӘП неде? ГӘП кинода!

Барлық нәрсенің астарын ашып, айтарын түсінуге ұмтылатын көрерменді бұл фильмге алдымен атауы жетелеп әкелетіні анық. ГӘП неде? ГӘП кинода екенін картинаны тамашалап болған соң ұғасыз. 23 сәуірде қазақ киносының қоржынына тағы бір фильм қосылды. Көпшілік асыға күткен «ГӘП. Камбоджа» комедиясының жабық көрсетілімінен шыққан соң, бұл жай ғана фильм емес, шынайы достықтың, шынайы өнер туындысы екенін көкейге бір түйіп қойдық, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Шығармашылық топ бұл жобада көрерменді тек күлдіруді мақсат тұтпаған. Олар картина арқылы өмірге деген көзқарасты өзгертуге тырысады. Адамның ішкі жан-дүниесінің қалтарыс-бұлтарысын ашып, жаныңа жақын тұтқан жандардың қарым-қатынасы жайлы терең ой айтқысы келген. Ал нәтижесі? Нәтижесінде езу тартқыза отырып, ой салатын философиялық мазмұнды туынды дүниеге келді.
Кинорежиссер нені көрсеткісі келді?
«ГӘП» – күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, басқа елге сапар шеккен достардың бастан кешкен қызықты жағдайлары мен ішкі толғаныстары жайлы комедия. Камбоджада түсірілген бұл фильм көрерменіне экзотикалық атмосфера сыйлайды. Жеңіл юмор арқылы-ақ өзекті мәселені алға тартады. Туындыда адам мен адам арасындағы түсіністік, сенім, өкпе-наз, кешірім сынды ұғымдар астарлы түрде беріледі.
Фильмнің продюсері Нұргүл Даубаева бұл кешке ерекше тебіреніспен келгенін айтады. Ол бұл туынды – тек кәсіби жұмыс қана емес, жан-дүниесінің бір бөлігі екенін жеткізді. «Бұл мен үшін жеке жетістік емес, бүкіл шығармашылық топтың үйлесім тапқан шынайы еңбегі. Бұл кино арқылы біз көрерменге эмоция, жылы күлкі, өзара түсіністік сыйлағымыз келді. Қобалжып тұрмын, бірақ жүректен шыққан дүние міндетті түрде жүрекке жетеді деп сенемін», – деді продюсер.
Фильмдегі басты рөлдерде ойнаған Ақерке Арыс пен Айнұр да ерекше толқып тұрғанын жасыра алмады. Камбоджа сапары олар үшін шығармашылық әрі рухани толысу тұрғысынан ғаламат әсер қалдырған. «Бұл рөл мен үшін ерекше болды. Камбоджа бізге тек түсірілім алаңы емес, рухани жаңғыру орнына айналды. Түсірілім кезінде біз бір отбасыдай болдық. Әр кадр – шынайы сәттің куәсі. Көрерменмен бұл энергияның бөлісе алғанымызға сенімдімін» дейді Ақерке. «Мен әлі де сол атмосферадан шыға алмай жүрмін. Біз бұл фильмді күліп тұрып түсірдік, бірақ жүрегімізді толқытқан ой басқа. Әрбір көрермен өзіне тиесілі ой алып қайтады деп ойлаймын. Бұл тек көңіл көтеру емес – ішкі жан-дүниеге «саяхат» дейді Айнұр.
Фильм көрерменге ерекше әсер қалдырды. Қонақтар мен көрермендер экраннан қазіргі қоғамды көргендей, өз өмірлерінің көріністеріне сырттай куә болғандай әсерде отырды. Бірі күліп отырса, бірі көз жасына ерік берді. Бұл — фильмнің нағыз әсер еткенінің дәлелі. Кеш соңында актерлер мен шығармашылық топ көрерменмен суретке түсіп, қадір-қошаметіне бөленді. Актерлерге айтылған ризашылық сөздер мен қошемет — бұл еңбектің бағалануы еді.
Егер сіз соңғы кезде жүрегіңізді қозғайтын, шынайы әрі терең фильмді сағынсаңыз — «ГӘП. Камбоджаны» тамашалаңыз. Бұл – фильм күлдіре отырып, ойға жетелейтін, өмірдің мәні жайлы үндемей сыр шертетін ерекше сапар. Фильмнен кейін залдан шыққан көрермендердің көбі көздеріндегі жылт еткен жасты жасыра алмады. Кейбірі үндемей, терең ойға шомып шықса, басқалары жақын достарына қоңырау шалып, әсерімен бөлісті. Бұл туынды — әр адамның ішкі жан дүниесіне жол таба алатын, эмоциясы бар, рухы бар, шынайылығы бар дүние.
«ГӘП. Камбоджа» – адам болып қалудың шын мәнісіндегі салмағын сезіндіреді. Достықтың бағасын білуге жетелейді, әр күннің қадірін түсіну керегін ұғындырады. Ол көрерменді күлкімен тыныстатып, жанын тербетіп, өз өміріне басқа көзбен қарауға шақырады. Бұл туынды – барлығымызға ортақ сұрақтарға жауап іздеген шынайы өнер туындысы. Егер сіз ішкі тыныштығыңызды іздеп жүрген болсаңыз, өмірдің ұсақ сәттерінен мән табуға ұмтылсаңыз – бұл фильм сізге арналған. Актерлердің шынайы ойыны, режиссерлік көркемдік шешім, Камбоджаның көркем табиғаты мен өмірлік оқиға – бәрі қосылып, бұл фильмді қазақ киносының айшықты туындысына айналдырған.
Сіздерге, кинотеатрға барып, жүрекке жылулық сыйлайтын осы туындыны тамашалауға кеңес беремін. Бәлкім, бұл фильм сізді өзгертпес, бірақ бір сәтке болсын ойландырады. Ал бұл – өнердің ең үлкен жеңісі.
Бағдагүл Рахметқызы, журналист