Ел тынысы

Функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект тоғысқан  алаң

Елордада білім беру кеңістігінің даму бағыттарын айқындаған іргелі оқиға – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, Астана қаласы әкімдігі «Әдістемелік орталықтық» жоспарына сай  «Оқытудағы жаңа мүмкіндіктер: функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. 2026 жылғы 25 ақпанда Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде өткен шара білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформация мен мазмұндық жаңғыру тақырыптарын терең талқылаған беделді алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Халықаралық деңгейдегі ғылыми диалогқа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі,  Ыбырай Алтынсарин  атындағы Ұлттық білім академиясы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы  АҚ, Назарбаев Университетінің оқытушылары, «Ustem Foundation» ЖШС қызметкерлері, АҚШ, Эстония, Индонезия, Түркия, Қырғызстан елдерінің білім беру саласының сарапшылары мен педагогтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының ұстаздары қатысты.

Конференцияға барлығы 850 педагог мақала жолдаса, оның 500-і спикер ретінде шараға белсенді қатысып, шынайы интеллектуалдық диалог форматында өз тәжірибелерімен бөлісті. Әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылар өз елдерінің білім беру тәжірибесін салыстыра талқылап, Қазақстандық білім жүйесінің жаһандық білім кеңістігімен ықпалдасуының нақты көрінісін көрсетті.

Шараның пленарлық және секциялық бөлімдері білім беру саласындағы заманауи үрдістерді жан-жақты ашты. Конференция аясында Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL оқушыларының ғылым мен білімнің тоғысқан көрмесі ұйымдастырылды. Көрме дрон шоуымен басталып, AI роботтары келген қонақтарды қарсы алып, 147 педагогтің авторлық жұмыстары мен 50 шақты ғылыми және STEM жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша макеттері көпшілік назарына ұсынылды.

Конференцияның шымылдығын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Қарамбаев Жомарт Петрович,  «Білім болашағы» Қоғамдық қорының директоры Кадырова Шолпан Маратовна  ашты.

Пленарлық бөлімде жасанды интеллект әлемінде білім беру саласын дамыту мен функционалдық сауаттылық мәселесі  талқыланды.

Конференция аясында бес бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті. Бірінші және екінші секциялар функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың теориялық негіздері мен практикалық тетіктеріне арналса, қатысушылар өмірмен байланысты тапсырмалар, кейс-әдістер мен бағалау жүйесінің тиімді модельдері бойынша нақты тәжірибелерін ұсынды. Үшінші секция педагогтің кәсіби дамуына және жасанды интеллект мәселесіне арналды. Мұнда мұғалімнің цифрлық құзыреттілігі, AI құралдарын сабақ жоспарлау мен бағалауда қолдану жолдары талқыланды. Төртінші секция ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін адаптивті цифрлық орта қалыптастыру мәселесіне арналса, бесінші секция орта және техникалық білім беру жүйесіндегі заманауи тәсілдерге арналды. Конференцияға жолданған мақалалар жинақ болып шықты. Шара барысында ұсынылған ғылыми баяндамалар мен практикалық кейстер педагогикалық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе жас зерттеушілердің инновациялық жобалары мен цифрлық шешімдері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Бұл халықаралық конференция – функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясын тек ғылыми тұрғыда негіздеп қана қоймай, оны нақты тәжірибеге енгізудің тиімді жолдарын айқындаған алаң болды.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button