Францияны азат етуге қатысқан қазақстандықтарды еске алды

Францияның фашистік оккупациядан азат етілуінің 80 жылдығына арналған салтанатты рәсім генерал Шарль де Голль ескерткішінің жанында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Қарулы күштердің ардагерлері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Құрмет қарауылы ротасының сүйемелдеуімен генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов пен Елші Сильван Гиоге Француз қарсылығының символы болған генерал Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Митингте «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов Францияны азат етуге кеңес сарбаздары мен партизандарының қосқан үлесін ұмытпаудың маңыздылығын атап өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне құрметі үшін қазақстандық тарапқа шын жүректен алғыс білдірген француз Елшісі Сильван Гиоге туыстық қатынастары бар үш отбасы мүшелеріне естелік медаль табыстады.