
Бүгін ел бойынша өтіп жатқан маңызды саяси науқан аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Университет аумағында барлығы бес учаске орналасқан: олардың үшеуі Алматы ауданында, ал екеуі Байқоңыр ауданында тіркелген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Учаске қызметкерлері өз жұмыстарын ерте бастады. №1 Учаске төрағасы Ысқақ Сұлтанның айтуынша, дайындық жұмыстары таңғы сағат 05:00-де басталған.
– Біз таңғы сағат бестен бастап жұмысқа келдік. Дайындық жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды ұйымдастырдық. Сағат 06:00-де учаскені ашып, байқаушыларды қабылдадық. Олар тіркеуден өтіп, дауыс беру жәшіктерінің бүтіндігін тексерді, – деді учаске төрағасы.
№1 учаскеде барлығы 3849 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру ресми түрде сағат 07:00-де басталды. Алғашқы сайлаушы да дәл осы уақытта келіп, өз таңдауын жасаған. Қазіргі уақытта дауыс беру жалғасып жатыр.



