Қоғам

Этномедиация орталығының жартыжылдық жұмысы қорытындыланды

Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының Этномедиация орталығының 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды. Орталық этносаралық келісімді нығайту, диалогты дамыту және жанжалдардың алдын алу бағытында белсенді жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жыл басынан бері студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық медиаторлардың қатысуымен 5 ірі іс-шара – семинарлар, тренингтер және онлайн-марафон ұйымдастырылды. 2025 жылы жастарға ерекше көңіл бөлінді – студенттердің қатысуымен арнайы тренингтер өткізілді. Жалпы, бұл іс-шараларға 300-ден астам адам қатысты.

Этномедиация орталығы келіссөз жүргізу тәсілдерін, медиативтік құралдарды меңгеру және этносаралық төзімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік оқыту бастамаларын белсенді түрде дамытып келеді. Сабақтарды халықаралық біліктілігі бар тәжірибелі мамандар – профессорлар, медиатор-тренерлер, дау-жанжалдарды реттеу саласындағы сарапшылар мен халықаралық кәсіби қауымдастықтардың мүшелері жүргізеді.

«Этномедиация – бұл тек даулар мен жанжалдарды шешудің тиімді құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамымызда диалог мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі. Біз этномедиация арқылы бір-бірімізді тыңдауға, айырмашылықтарды түсінуге және ең күрделі жағдайлардың өзінде де өзара түсіністік табуды үйренеміз», – деді Астана қаласы ҚХА этномедиаторы Роза Бекішева.

Орталық этномедиаторлар тізілімін жаңартты: бүгінде елордада 18 маман, оның ішінде 6 кәсіби медиатор жұмыс істейді. 2025 жылы орталықтың іс-шараларына қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артты. Медиация мен құқықтық кеңес алуға келіп түскен өтініштер саны да өскен.

Орталық үкіметтік емес ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік құрылымдармен серіктестікті жалғастыруда. Болашақта онлайн-форматтарды кеңейту, қаланың барлық аудандарын қамту және оқытудың жаңа тәсілдерін енгізу жоспарланған.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button