Ет өңдеу мен баға тұрақтылығы назарда ма?

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Павлодар облысына сапары аясында «Ет бастау» ЖШС-нің мал сою цехының қызметімен танысты. Ет саласын дамыту, сиыр еті бағасының тұрақтылығы және оның халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар жауырын-кеуде бөлігіне жататын сиыр етінің бағасы 19,9%-ға өскен. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (12,6%) жоғары. Өңірде сиыр етінің бағасы фермерлік базарларда 2 300 теңгеден басталып, қайта өңдеушілерде 3 200 теңгеге дейін жетеді. Ал ел бойынша орташа баға – 2 906 теңге/кг.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 5 мал сою пункті, 8 ет өңдеу кәсіпорны және 48 сою алаңы жұмыс істейді. Алайда инфрақұрылымның жеткілікті дамығанына қарамастан, өндірістік қуаттылықтың жүктемесі 50%-дан төмен деңгейде. Мәселен, жылына 15 мың ірі қара малды өңдеуге қауқарлы «Ет бастау» ЖШС 2024 жылы 675 тонна ет өндірсе, 2025 жылдың алғашқы төрт айында небәрі 85 тонна ет өндірген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ға төмен.
Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – мал жеткізілімі көлемінің шектеулігі. Жыл басында сатып алу бағасы 1 700 теңгеден 2 300 теңгеге дейін өскеніне қарамастан, жеткізілетін мал саны айтарлықтай артпаған. Өнім берушілер көбіне көршілес елдердегі жоғары экспорттық бағаларға (4 000–5 000 теңге/кг) басымдық беріп отыр.
Айжан Бижанова шаруашылықтар мен қайта өңдеуші кәсіпорындар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау және ішкі нарық үшін мал сатып алуды ынталандыру тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, мал қозғалысын есепке алу тетіктерін жетілдіру мен экспортты тұрақты түрде қадағалау маңыздылығына назар аударды. Бұл шаралар саладағы жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
«Етті терең өңделген күйінде экспорттауға басымдық беру – стратегиялық маңызды қадам. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, өңірлік брендтерді ілгерілету және терең өңделген ет өнімдерінің экспортын ынталандыру қажет», – деп түйіндеді Бірінші вице-министр.