Ескерткіш айналасын тазалады

Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің айналасында, ұлт ұстазының аты берілген №83 мектеп-гимназия маңында тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталмыш дирекцияға «АЛЖИР» мемориалды музей-кешені, Сәкен Сейфуллин музейі, Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы қарайды. Экологиялық акцияға осы мекемелердің 30 қызметкері қатысты.
«Бүгінгі іс-шараны елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында өткізіп отырмыз. Осы акция тек көрініс үшін ғана емес, қоғамдағы адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру ниетімен жүзеге асып жатыр. Біздің дирекция қаладағы музейлермен қатар, ескерткіштер мен мәдени мұраға да жауап береді. Сондықтан елордадағы монументтер мен ескерткіштердің тазалығын, жақсы күйде күтіп ұсталуын қамтамасыз етеміз. Жалпы Астанада 70-ке жуық ескерткіш орналасқан. Соны жылдың әр мезгіліндегі күтімі біздің мойнымызда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының елімізде үзілмей жүргізілгені дұрыс. Әр нәрсені қайталай берсеңіз, ол күнделікті салтқа айналады ғой, сол себептен осы акция тоқтатылмауы керек. Ал тұрғындардың қаладағы ескерткіштер мен мәдени мұраға ұқыптылықпен қараса екен деген тілегіміз бар. Вандализмге жол берілмеу қажет» деді Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясы директорының міндетін атқарушы Баянды Сахарияұлы.