Елорда тынысы

«Esirtkisiz Elorda»

Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Астана – есірткісіз қала» кешенді жоспары аясында «Esirtkisiz Elorda» жобасы жүзеге асып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және тәуекелдердің алдын алудың тұрақты жүйесін құру. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Кибатқызы мәлім етті.

Спикерлердің айтуынша, жоба мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және жалпы қоғамның күш-жігерін біріктіреді. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізеге асады. Олардың қатарында ақпараттық науқан, цифрлық мониторинг, профилактикалық кездесулер, ведомствоаралық тығыз байланыс бар.

Басым бағыттардың бірі – интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Тыйым салынған заттарды тарататын Telegram топтар мен интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттауға ерекше назар аударылады. Бір мың интернет-сілтемеге жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткі жарнамасының белгілері анықталған 34 сілтеме техникалық талаптарға сәйкес бұғатталды.

«Жастар арасында тұрақты есірткіге қарсы ұстанымды қалыптастыру мақсатында ауқымды медиаконтент әзірленіп, таратылды: вирустық бейнероликтер, подкасттар және танымал тұлғалар, блогерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен әлеуметтік бейнесюжеттер дайындалған.

Жастар аудиториясы арасында кең танымалдыққа ие болған «JAUAP» подкасты іске қосылды. Есепті кезеңде 6 шығарылымы түсірілді. Қонақтар қатарында құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, деректі фильм авторлары мен блогерлер болды, олардың ішінде Нұргелді Кердеш, Айтым Жақыпов, Шертым Нұрдәулет, Аймаганова Айжан Талғатқызы, Ильиных Сергей, Ринат Балгабаев, Әлібек Ермағамбетов, Дана Нұржігіт және Алия Алкенқызы бар.

Ақпараттық науқан аясында антинаркотикалық бағыттағы 5 деректі фильм жарық көрді, олар «Қайфтың арғы жағы (ҚР ҚК 297-бабы)», «Профилактика», «Аналардың көз жасы», «Рехаб 1,2». Аталған фильмдер есірткі тұтынудың құқықтық және әлеуметтік салдарын ашып көрсетеді.

Әлеуметтік желіде жастардың есірткіге қарсы көзқарасын нығайтуға бағытталған қосымша 40 тақырыптық бейнеролик жарияланды. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында блогер Нұргелді Кердештің қатысуымен өткізілген әлеуметтік эксперимент 12 мың қаралым жинап, интернет кеңістігінде белсенді талқылау туғызды. Сондай-ақ, есірткінің зияны туралы бейнероликтердің біріне актер Төлепберген Байсақалов қатысып, бейнероликтің қаралымы 25 мыңға жетті», – дейді спикерлер. 

Елорданың мектептерінде, колледждері мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Наркопсихологтардың қатысуымен 200 тақырыптық кездесу және семинар-тренинг өткізіліп, 3,5 мыңнан астам адам қамтылды.  Maqsut Narikpaev University университетінде имитациялық сот процесі ұйымдастырылды. Оның аясында қатысушылар нақты қылмыстық істін прокурор, адвокат, куәгер және судья рөлінде қарастырды. Мұндай формат жастарға психобелсенді заттарды қолданудың құқықтық және әлеуметтік салдарын тәжірибе жүзінде түсінуге, сондай-ақ құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Бұған қоса, колледж студенттеріне БҰҰ стандарттарына сәйкес тренингтер өткізілді. Оқытуды БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (United Nations Office on Drugs and Crime) халықаралық тренері Сапарбек Абылайхан Айдынұлы жүргізді.

Оқу орындарында есірткі насихаты мен тыйым салынған заттарды тарату фактілері туралы анонимді хабарлауға арналған сайтқа бағыттайтын QR-кодтары бар 49 ақпараттық стенд орналастырылды.

Есірткінің алдын алуға бағытындағы еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді.

Ай сайын қалалық прокуратура, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, аудан әкімдіктері және МИБ өкілдерімен бірлесіп, бейнебақылау жүйесі қамтымаған орындарда есірткі жарнамаларын бояп өшіру акциялары өткізіледі. Есептік кезеңде 286 акция ұйымдастырылып, шамамен 250 есірткі сипатындағы жазба жойылды. Іс-шараларға танымал қоғам қайраткерлері, спортшылар және «Астана жастары» волонтерлері қатысқан. Жастар көп жиналатын орындарда 19 мың ақпараттық брошюра таратылған. Профилактикалық акциялар Open Air «Пикник by Partners», Satisfaction Fest, DABYL FEST музыкалық фестивальдерінде, Дженнифер Лопестің концерті барысында өткен.

Қоғамдық бақылау аясында қала дәріханаларында дәрілік препараттарды босату талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу бойынша 40 акция ұйымдастырылды. Сонымен қатар Полиция департаментімен бірлесіп, елордадағы ойын-сауық орындарында кальян мен азот тотығын («шариктер») заңсыз пайдалануды анықтау мақсатында рейдтер өткен.

Елордада «Астана қаласы жастары арасында нашақорлықтың алдын алу» форумы өтті. Мақсат – мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға жағдай жасау, тәжірибе алмасу және нашақорлықтың алдын алудың тиімді тәсілдерін әзірлеу болды.

Форум барысында қатысушылар мен сарапшылар әлеуметтік желілердің ықпалы, интернетке тәуелділік және жаңа психобелсенді заттардың таралуы сияқты қазіргі қоғамда өзекті мәселелерді талқылады. Наркология, психология, педагогика және құқық саласының тәжірибелі мамандары шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізді.

Сонымен қатар волонтерлікті дамыту бойынша 20 оқыту іс-шарасы және есірткіге тәуелді адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша 10 арнайы тренинг ұйымдастырылған.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жұмысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымын реттейтін бейінді нормативтік актілердің нормаларын қоса алғанда, қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылады. Басым бағыттарға есірткі құралдарын жеткізу мен өткізу арналарының жолын кесуге, интернет-дүкендерді жоюға және ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуға бағытталған жедел-қызметтік іс-шаралар кіреді.

Жүйелі түрде есірткі ахуалына мониторинг жүргізіліп, жаңа синтетикалық заттар мен олардың таралу схемалары талданады, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тарту фактілері зерттеледі. Жастармен профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді.  Дәрістер, кездесулер және ақпараттық науқандар мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп өткізіледі. Прокуратура, сот органдары және әкімдіктермен тығыз байланыс орната отырып кешенді тәсілді қамтамасыз етеді. Негізгі қағидат — құқық бұзушылықтардың алдын алудың және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды факторы ретінде жазаның бұлтартпастығы.

2025 жылғы есепті кезеңде Астана қаласының Полиция департаменті қызметкерлері қала әкімдігі, мүдделі органдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 44 профилактикалық іс-шара өткен.

Нашақорлықтың алдын алу – бұл қылмыспен күресу ғана емес, болашақ ұрпақты қорғау. Заңсыз әрекеттерді қатаң түрде тоқтату мен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұштастыратын кешенді тәсіл ғана есірткі ахуалын тұрақтандыруға және елорда жастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button