Құқық

Есірткімен күреске бұрын сотталғандар жұмылдырылуда

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының пробация қызметінде есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп шыққандардың қатысуымен профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция есірткі қылмыстарының алдын алу және қайталама құқықбұзушылықтардың қаупін азайту мақсатында өткізілді.

«2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Біз нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспарды іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Осы жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – сотталғандарды қайта әлеуметтендіру. Бүгінгі іс-шараға есірткі қылмысы үшін сотталып, ұзақ жылдар бойы бас бостандығынан айыру орындарында болған адамдар тартылды. Олар темір тордың ар жағындағы өмірдің қандай екенін жақсы біледі, көпшілігі отбасынан айырылған. Айтары бар. Біз оларды волонтер ретінде есірткіге қарсы күреске тартқымыз келеді: дәрістерге қатысу, есірткі жарнамасы бар граффитилерді бояп өшіру, жастарға «оңай ақша болмайтынын», сауда немесе жарнама жасау – қатаң жаза қарастырылған қылмыс екенін түсіндіру», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының хатшысы, профилактика және ведомствоаралық үйлестіру бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

Бұрын сотталған Сергей есірткі сатқаны үшін 14 жылын түрмеде өткізген. Қазір ол есірткі қылмысына қарсы күреске өз үлесін қосып жүр.

«Алғаш рет сотталғанымда 21 жаста едім. Алдымен гашиш қолдандым, кейін оны сата бастадым. Үшінші рет сату әрекетінде полиция ұстады.

Бостандыққа шыққаннан кейін екі ай өтпей қайтадан есірткі саудасына араластым, тағы да түрмеге түстім. Жалпы алғанда 14 жылымды темір тордың ар жағында өткіздім. Осы уақыт ішінде әйелім кетіп қалды, жақындарымның көбісі қайтыс болды, достарымнан айырылдым. Қазір өмірімді қайта тура жолға қоюға тырысып жүрмін, кәсіппен айналысамын, ұлым бар. Бәріңізге мынаны айтқым келеді: есірткі – зұлымдық.

Есірткі сатушылар «закладкаларды» аула ішінде жасырады, оны кішкентай балалар кездейсоқ тауып алып, қызығушылықпен қолданып, қайтыс болуы мүмкін. Есірткінің кесірінен бар дүниеңнен айырыласың, туыстарың теріс айналады. Мен олармен күресуге, есірткі граффитилерін бояп өшіруге немесе тіпті оны салатындарды ұстауға да дайынмын», – деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button