Есірткімен күрес үздіксіз

Қай елде болсын қоғам дерті – нашақорлық. Соған апаратын есірткі бизнесімен күрес елімізде, соның ішінде елордада да тоқтаусыз жүргізіледі. Былтыр Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз есірткі айналымына қатысты 1100-ден астам құқықбұзушылықты анықтаған. Жыл бойы атқарылған жұмыстар мен есірткінің жаңа түрлерінің қаупі туралы аталған басқарманың бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы айтып берді.
– Заңсыз есірткі айналымы мен нашақорлықтың алдын алу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылады?
– Мемлекет тарапынан жүктелген жоспарлы жұмыстар мен міндеттер бар. Соған байланысты 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған кешенді жоспар және елорда бойынша «Астана – есірткісіз қала» атты іс-шаралар жоспары да жүзеге асырылуда. Былтыр біздің қызметкерлер анықтаған фактілер – тек сан емес, әр құқықбұзушылықтың артында сан мыңдаған адамдар тағдыры тұр. Сондықтан тағы бір үлкен бағытымыз – нашақорлықтың алдын алу және халық арасында, әсіресе жастар ортасында есірткіге сұранысты азайту. Былтыр заңсыз айналымнан 460 кг-нан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде апиындық тектес заттар, марихуана, гашиш, героин және тағы да басқа түрлері болса, 46 келісі – синтетикалық есірткі заттары. Осыдан 6-7 жыл бұрын елімізге заңсыз есірткі бизнесі баса-көктеп кіріп келді десе болады. Ал әр елден синтетикалық есірткінің келгеніне көп болған жоқ. Басқа есірткі түрлері үшін өзге елдерге бару керек болса, өкінішке қарай, синтетикалық түрін өзімізде зертханада жасаушылар көбейді. Ол карантин кезінде күшейді. Біз соңғы 3 жылда сондай синтетикалық есірткі жасайтын 8 зертхананы анықтап, қылмыстың жолын кестік. Олар заманға қарай сату жолдарын да дамытуда. Бұрын есірткіні қолма-қол сатқан болса, қазір интернет желісі арқылы сатады. Әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы тарату, әсіресе соған жастарды тарту жолдары көбейді. Өткен жылы 2500-ден астам есірткі заттарын таратумен айналысатын сайттарды бұғаттауға жолдадық. Көбіне олар есірткі айналымы үшін карта шоттарына ақша жолдайды, сол карталарды бұғаттаумен де айналысып жатырмыз.
– Жастардың бұған жеңіл ақша табу мақсатында тез келісетіні белгілі. Оның салдары қандай ауыр боларын білмей ме ?
– Өкінішке қарай, жастарға бұл бизнесті көп ұсынады. Есірткі бизнесін көбіне 18-35 жас аралығындағы азаматтар көп жасайды. Олар оңай ақша табу үшін тек бір рет көремін деп ұсталады. Көбі қылмыс екенін білмейді. ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы бойынша үйлердің сыртына, жылу трассаларының бойына, тағы басқа жерлерге есірткі сату сайттарының сілтемесін жазғаны үшін ғана 3-6 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Кейбірі біліп барады, оларға жұмасына 1000-2000 АҚШ доллар ұсынылады, бірақ бұл соманы жастар алмайды. Есірткі бизнесімен айналысу ауыр және аса ауыр қылмыс түрі екенін жастар түсінуі керек. Жұмыс істеймін деген адамға қалада кәсіп көп. Жеңіл ақша деп баруға, болашағына балта шабуға болмайды. Себебі бұл қылмыс түбі ашылады. Өкінішке қарай, түрмеге 10 жыл бұрын отырып, енді шығып жатқандар да қазір осымен айналысып, қайтадан қылмысқа баруда.
– Синтетикалық есірткінің жасалуы да оңай, оған тәуелділік те өте жылдам дейді. Наркологтар оның күшін қалай бағалайды?
– Нарколог дәрігерлердің айтуынша, синтетикалық есірткі затын 1 рет пайдаланғаннан-ақ физикалық және психологиялық тұрғыда тәуелділік пайда болады. Синтетиканы 1 рет пайдаланудан болатын әсер – жарты жыл бойына басқа кәдімгі есірткіні қолдану әсерімен бірдей болады екен. Көбіне синтетикалық есірткіні пайдаланатын жастар өмірін өзін-өзі өлтірумен аяқтайды.
– Ондай тәуелділікке жол бермеуде қандай профилактикалық жұмыстар жүргізіледі?
– Біздің міндетіміз – қылмысты ашу ғана емес, олардың алдын алу. Осы ретте былтыр басқа да мүдделі мемлекеттік органдар және ерікті азаматтармен бірге 700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Бәрі «Астана – есірткісіз қала» ұранымен өтеді. Профилактиканы жан-жақты жүргіземіз. Былтыр есірткі бизнесі, нашақорлықтың алдын алу бойынша кеңес құрылды, құрамына танымал спорт және өнер азаматтары іріктелді. Бұрын нашақорларды әлеуметтік жағдайына байланыстыратын, қазір керісінше ауқатты отбасылардың балалары да бұған бейім. Себебі синтетикалық есірткі адам ағзасына уақытша ләззат сыйлайды. Оны пайдаланғанда түрлі елестер келеді, өмірі әдемі жарқын болып көрінеді. Бұл – толық тәуелділік. Нашақордың немесе заңсыз есірткімен айналысушы күдіктінің өзі ғана емес, оған қатысты 20 шақты адамға дейін сол мәселемен басы қатады. Есірткімен және оның айналымымен күресте елорда тұрғындарының өздері байқаған және түсірген бейнежазбаларын тез арада анонимді сенім телефондарына хабарлап айтуын, жолдауын сұраймыз. Қоғам болып біріксек қана, еліміздің ертеңін құртып жатқан нашақорлық дертін азайтып, жоя аламыз.
Райхан РАХМЕТОВА



