Есірткімен екпінді күрес

«Астана – есірткісіз қала» ауқымды акциясы аясында елордада есірткіге қарсы күрес айлығы басталды. Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай өткен айлықтың басталу жиыны Есіл өзенінің жағалауында ұйымдастырылды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамды нашақорлықпен күреске тарту. Акцияға танымал блогерлер, спортшылар қатысты, арасында Василий Тахтай, Мерей Ақшалов және Айдос Қожахметов та бар. Олар жастарға мотивациялық үндеу тастап, фото және автограф-сессия өткізді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен серіктестер тарапынан кофе мен сыйлық таратылды.
– Оқушы ретінде мұндай акциялардың жастарға, әсіресе проблеманың өзекті екенін әлі толық түсінбегендерге қатты әсер ететінін жақсы білемін. Сыйлықтар мен жүлделер іс-шараға қатысуға қосымша мотивация береді, – деді «Жер елшілері» жастар қозғалысының көшбасшысы Темірлан Үкібаев.
Спорт блогері және жаттықтырушы Василий Тахтай мұндай іс-шаралардың жазғы демалыс қарсаңында аса маңызды екенін атап өтті.
– Мектеп бітіру кешінде жастар серуендеп, демалып жүр. Дәл осындай күні біз спорт өмір сүрудің ең жақсы стилі екенін көрсеткіміз келді. Сол үшін түрлі челлендж, ойын өткізіп, жастарды салауатты өмір салтына тартпақпыз, – деді ол.
Полиция қызметкерлері бұл жолы іс-шараға ерекше форматта қатысты.
– Оқу жылында мектептерде дәрістер мен сабақтар өткіземіз, ал бұл жолы жастармен қарапайым тілде – спорт пен еркін әңгіме арқылы сөйлескіміз келеді. Мүмкін біреу өз қиындығын айтқысы келер, ал біз міндетті түрде көмектесеміз, – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қыбатқызы.
Хадиша Пердебай