Елорда тынысы

Есірткіден сақтану жолдарын түсіндірді

Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің №4 балалар кітапханасында «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шара жастар, студенттер мен оқушылар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған «Астана – есірткісіз қала» қалалық жобасы, «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде ұйымдастырылды.

Еркін әңгіме түріндегі кездесуге №48 мектептің 8-сынып оқушылары қатысты. Қонақ ретінде шақырылған спикерлер – Алматы ауданы Полиция басқармасы жасөспірімдер бөлімшесінің аға инспекторы Ақдидар Шаримбекова мен учаскелік полиция инспекторы Мұхаметдин Қалабаев есірткі заттарын қолданудың салдарын айтып, есірткі саудасының қатысушысы болудан сақтану жолдарын түсіндірді. Оқушыларға мұндай жағдайлардың алдын алу және қиын сәтте қолжетімді көмек шаралары туралы өзекті ақпарат ұсынды.

Аға инспектордың айтуынша, есірткі тасымалымен айналысқаны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни Қылмыстық кодекстің 297-бабы бо­йынша қамауға алынады.

Ал №4 балалар кітапханасының меңгерушісі Галина Збоеваның айтуынша, есірткі қолдану және басқа да жаман әдеттердің алдын алу үшін кітапханада жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

«Өкінішке қарай, қоғамымызда нашақорлық жоқ емес. Сондықтан ересектердің мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді мұндай келеңсіздіктен сақтандыру. Бұл үшін біз жыл сайын жоспарлы түрде осы тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Кітапхана мемлекеттік мектептермен де, жекеменшік мектептермен де бірлесе жұмыс істейді. Бізге әр жастағы оқырмандар келеді. Сондықтан іс-шаралар еркін әңгіме, дәріс, кітап көрмесі ретінде ұйым­дастырылады. Онда оқырмандарға ішімдікке салыну мен нашақорлықтың қасіретін айтып, спортпен, пайдалы іспен шұғылдану жолдарын түсіндіреміз. Полиция инспекторлары балаларға есірткіге қатысты күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жайттардан қалай қорғану, ондай күмәнді жағдайлар болған кезде кімге хабарласу керектігін нақты мысалдармен айтып берді» деді ол.

Кездесуде оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толық ­жауап алды.

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button