Құқық

Есірткі жайлаған елдің ертеңі жоқ

Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда «Есірткімен болашақ жоқ!» атты нашақорлыққа қарсы ауқымды іс-шара өтті. Берері мол акцияға 14-35 жас аралығындағы қала тұрғындары мен қонақтары шақырылған. Ал негізгі мақсат – жастар назарын есірткінің қаупіне аудару, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның есірткі қылмысына қарсы күшін біріктіру.

 «Жалпы бұл мәселенің ушығып тұрғанын баса айтуымыз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, мұнымен қоғам болып күресуіміз қажет. Расымен, есірткі дәл есігіміздің «алдында» жатыр. Сәл босаңсысақ, жас буынды бірден өз қармағына іліп кеткелі тұр. Екіншіден, бұл дерт байды да, кедейді де бөліп-жарып тұрған жоқ. Әлеуметтік жағдай таңдамайды. Біз бір ғана нәрсені түсінуіміз қажет. Бұл – бір адамдар үшін үлкен бизнес. Әлеу­меттік желі арқылы сатылып жатқан мұндай заттардың жаманшылығын үздіксіз насихаттамаса болмайды. Өйткені есірткі жайлаған елдің ертеңі жоқ» дейді ҚХА республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатай.

Оның сөзінше, қазір жастар арасында, синтетикалық есірткіден бөлек, дәрілік түрі де көптеп тараған. Ал есірткімен ең негізгі күрес әр отбасының өзінен басталуы тиіс.

Жиында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Астана қаласы Полиция департаментінің өкілдері де ғасыр кеселі жайлы өз пікірлерін білдірді.

«26 маусым – Дүниежүзілік нашақорлықтың алдын алу күні. Осы орайда қалалық Полиция департаменті, елорда әкімдігі және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе осындай ауқымды шара өткізіп отыр­мыз. Мұндағы мақсат – тек полиция қызметкерлері ғана емес, басқа да үкіметтік емес ұйымдар мен тұрғындарды қатыстыра отырып, мәселеге барынша атсалысу. Негізінен, бұл айлық іс-шарамыз 26 мамырда басталды. Ал жыл басынан бері біздің қызметкерлер 600-ден астам заңсыз есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықты анықтады. Соның ішінде 120-дан астам есірткі сату дерегі тіркелген. Ал заңсыз есірткі айналымынан 300 келіден аса есірткі тәркіленсе, оның ішінде 30 келіге жуық синтетикалық есірткі заттары бар» дейді Астана қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

Басқосуда музыкалық және би қо­йылымдары, викториналар, арнайы жасақ пен кинологтардың көрсетілімдері ұсынылды. Сондай-ақ есірткімен күрес бағытындағы жұмыста үлес қосқан серіктестерді марапаттау рәсімі өтті. Бұдан бөлек, акцияға қатысушылар арасында құнды сыйлықтар ойнатылды. Олардың қатарында велосипедтер, смартфондар, сымсыз құлаққаптар, смарт-сағаттар және тағы да басқа жүлделер бар.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button