Есірткі тасымалдаушыларды бақылау керек

Байқоңыр ауданының полиция басқармасы «Astana jastary» еріктілер ұйымымен бірлесе есірткі тасымалдаушыларды ұстау мақсатында Өндіріс ауданына барлауға шықты. Осыған орай, барлау жұмысы барысында полиция қызметкерлері мен еріктілер күдікті тұлғаларды бақылап, жасырын қоймалар мен тасымал жолдарын анықтауға басымдық берді. Иісшіл иттердің көмегімен бірнеше аула мен бос ғимараттар тексерілді.
Майор — полицей Көпжасар Алпысбайұлы «көбісі есірткі тұтынатын адам мен есірткі тасымалдаушыны ажырата алмайды. Жер-жерді тіміскілеп, шөптің арасын тырмалап жататындар — наркотикалық өнімді тұтынушылар. Ал, ол заттарды жеткізіп берушілер бөлек. Біз бүгінгі барлауда есірткі тасымалдаушыларды бақылауға шықтық. Өндіріс ауданында есірткі тасымалдау бойынша бірнеше оқиғалар тіркелген» — деп мәлімдеді.
Қазіргі кезде есірткі тасымалдаушылардың көпшілігі жастарды пайдаланып, «курьер» қызметіне тартатын көрінеді. Олар көбіне әлеуметтік желілер арқылы байланысып, жеңіл табыс уәде етеді. Есірткі сатумен айналысатын топтар жымысқы әрекеттерін ослайша жүзеге асырапды екен. Бірақ бұл – қылмыс. Мұндай әрекеттердің соңы ауыр жазамен аяқталады.
«Қазір есірткі бизнесі бұрынғыдай ашық жүрмейді. Көбіне жасырын орындарға қалдырып кетіп, кейін тұтынушыларға мекенжайын айтып береді. Сол себепті біз тек адамдарды ғана емес, олардың із қалдыру тәсілдерін де зерттеп жүрміз» — дейді майор Көпжасар Алпысбайұлы.
Жергілікті тұрғындар да рейдке ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын қалады. «Есірткі тасмалдаушыларды осылай бақылау керек. Балаларымыздың қауіпсіздігі бәрінен маңызды» — дейді аудан тұрғыны.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ