Есілге 237 мыңнан астам ақ амур шабағы жіберілді

Астанада Есіл өзенін балықтандырудың екінші кезеңі өтті. «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында орналасқан су айдынына орташа салмағы 10 грамм болатын 237 мыңнан астам ақ амур шабағы жіберілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс шара ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің мемлекеттік тапсырысы аясында жүргізілді.
Жыл сайынғы балықтандырудың басты мақсаты – балық ресурстарын сақтау және тұрақты пайдалану, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту, сондай-ақ елорда тұрғындарының демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасау.
Ақ амур – өсімдік қоректі балық түріне жатады. Ол су айдындарын артық өсімдіктерден табиғи жолмен тазартып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Шабақтарды жіберу Есіл өзеніндегі биологиялық әртүрлілікті арттыруға және балық популяциясын қалпына келтіруге ықпал етеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Есіл өзенін балықтандыру жоспары толықтай орындалды.
Бұл еліміздің су биоресурстарын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудағы маңызды қадам саналады.



