Есіл өзенінің жағалауында есірткіге қарсы іс-шара өтеді

Астанада Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда 26 маусым күні «Есірткімен болашақ жоқ!» атты нашақорлыққа қарсы ауқымды шара өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акция сағат 11:00-де басталып, 15:00-ге дейін жалғасады. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады.
Негізгі мақсат – жастардың назарын есірткінің қауіптілігіне аудару, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның есірткі қылмысына қарсы күшін біріктіру.
Бағдарлама аясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті мен Астана қаласы полиция департаментінің өкілдері сөз сөйлейді. Сонымен қатар музыкалық және би қойылымдары, викториналар, арнайы жасақ пен кинологтардың көрсетілімдері ұсынылады. Сондай-ақ антинаркотикалық бағыттағы жұмыста үлес қосқан серіктестерді марапаттау рәсімі өтеді.
Бұдан бөлек, шараға қатысушылар арасында құнды сыйлықтар ойнатылады: велосипедтер, смартфондар, сымсыз құлаққаптар, смарт-сағаттар және тағы да басқа жүлделер бар.