Есіл өңірінің тарихшысы

А.Ф.Дубицкий – өзінің шығармашылық ғұмырында шындықты бояусыз және айқын бейнелеуге бар қабілетін жұмсаған қаламгер.
Оның әсіресе, Есіл өңіріне арнап өлкетану тұрғысында жазылған «Акмола – город славный», «Где течёт Ишим», «На грозовом ветру», «Пройдёмся по улицам Целинограда» деген кітаптары Ақмола атырабының тарихын тамаша білетіндігін дәлелдеп береді. Дубицкийдің өлкетану кітаптарында Астананың көшелері, үйлері, ескерткіштері, газеттері, алғашқы тұрғындары мен құрылысшылары, 1950-1980 жылдардағы археологиялық олжалар туралы көптеген мәліметтер бар. Майданда жүргеннен бастап қолына қаламын қатар ұстаған Дубицкий, соғыстан туған қаласына оралып, «Акмолинская правда», «Целинный край», «Целиноградская правда» газеттерінде журналист болып жұмыс істеді, очерктер, әңгімелер, повестер, кітаптар жазды. Астана қаласының мемлекеттік мұрағатының №362 «Андрей Дубицкий» жинағында елорданың өткені, көшелері мен ғимараттары, ескерткіштері, газеттері, археологиялық олжалары туралы бірегей құжаттар сақталған. Андрей Дубицкий 1965-2005 жылдар аралығында тұрған Желтоқсан көшесіндегі үйге мемориалдық тақта орнатылды. Суретте жазушы, өлкетанушы-журналист А.Ф. Дубицкий.
«Ақмола ақиқаты» газетінен үзінді
Ғазиза ИСАХАН