Есіл ауданының зейнеткерлері Ташкенттен жүлдемен оралды

Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шығармашылық ұжымдары Ташкент қаласында өткен өнер байқауынан жүлдемен оралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кәсіби және көркемөнерпаз топтар арасында өткен байқауда Орталықтың «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі «Аспаптық өнер» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін жеңіп алды. «Асыл мұра» ансамблінің көркемдік жетекшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Батыр Темралиев, ансамбль жетекшісі — Аманкүл Тоқбергенова. Байқау барысында зейнеткер-домбырашылар Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін және өзбек халқының «Наманганның алмасы» әнін орындады. Соңғы туындыға арнайы қойылған би композицясын Сырғагүл Дутбаева орындап, көрермендер ықыласына бөленді.
Сол байқауда Есіл ауданының тағы бір шығармашылық тобы — «Қазына» салт-дәстүрді дәріптеу ұжымы мүшесі Забира Айдосова «Халықтық вокал» жанры бойынша жеке орындауда Гран-при иеленді. Сонымен қатар, «Вокал» жанрында I орынды Раиса Мухамбеткалиева жеңіп алса, ал халық әндері бағыты бойынша I орынға Зағипа Жаналиева ие болды.
«Шырқа гитара» клубының ұжымы вокалды-аспаптық жанр бойынша I дәрежелі лауреат атанып, жетекшісі Бақытжан Сұлтанова кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.
Байқауда «Бәйтерек» ансамблі де өнер көрсетіп, ұйымдастырушы Жабай Қалиевтің жетекшілігімен I орынды иеленді. Ансамбль солисі Рымкеш Ордабаева Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін әсерлі жеткізіп, II жүлделі орынды иеленді. Сонымен қатар, дуэт форматында да әнші әжелеріміз топ жарды.
Айта кету керек, Есіл ауданының өнерпаз ұжымдары келесі кезеңде халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын болады. Олар 2024 жылдың соңында Баку қаласында өтетін І Халықаралық «AZERBAIJAN GRAND PRIX» және Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін V Халықаралық «Dubai Grand Festival» байқауларына тегін жолдама мен сертификат жеңіп алды.
Зейнеткерлерден құралған шығармашылық ұжымдарды шын жүректен құттықтаймыз және алдағы байқауларда сәттілік тілейміз!