Қоғам
Есіл ауданындағы «Сиань» клиникасында зейнеткерлерге арналған ашық есік күні өтті

Астананың Есіл ауданында орналасқан «Сиань» клиникасында аға буын өкілдеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Әлеуметтік маңызы бар шара зейнеткерлер мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушыларына арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қарт адамдардың денсаулығына көңіл бөліп, аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыру және белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламаларын насихаттау. Қонақтар клиниканың бөлімшелерімен танысып, ересектер мен балаларды оңалту бағыттары, сондай-ақ дәстүрлі қытай медицинасының неврологиялық ауруларды емдеудегі әдістері туралы ақпарат алды.
Іс-шара барысында мамандар емдік шөптердің қалай іріктеліп, дайындалатынын көрсетті. Сондай-ақ қайнатпалар мен классикалық тәсілдердің ішкі ағзалар аурулары мен жүйелі бұзылыстарды емдеуде қалай қолданылатыны түсіндірілді.
«Сиань» клиникасының басшысы Ерлан Жолдаспайдың айтуынша, мұндай медициналық орталықты ашу идеясы 2018 жылы Қытайдың Сиань қаласындағы тәжірибеден кейін пайда болған. Сол кезде оның немересі ми ауруларын емдеуге маманданған ірі клиникада екі ай бойы ем алып, оң нәтижеге қол жеткізген.
«Осы тәжірибе Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін осындай орталық ашуға түрткі болды. 2019 жылы жоба «Сиань» атауымен іске қосылды. Қытайлық мамандармен әріптестік орнатылып, дәрігерлер даярлау басталды. Пандемия кезінде жұмыс уақытша тоқтағанымен, 2023 жылдың 5 мамырында клиника Астанада қайта ашылды. Медициналық орталықтың жалпы аумағы 350 шаршы метрді құрайды. Мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп, қомақты инвестиция салынды. Қазіргі таңда клиника тұрақты жұмыс істеп тұр: емдеу, мамандарды оқыту және медициналық бағыттарды дамыту қатар жүзеге асырылуда.
Бірінші қабатта ересектер, екінші қабатта балалар қабылданады. Клиникаға Астанамен қатар еліміздің өзге өңірлерінен де науқастар келеді», – деді ол.



