Мәдениет

Есенғалиды еске алды

Астанада көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Есенғали Раушановтың шығармашылығына арналған «Ұшты менің құстарым бұлттан әрі» атты поэтикалық кеш өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен кешті Жазушылар одағының елорда филиалы мен К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті аталмыш оқу орнының концерт залында ұйымдастырды.

Дәл осы сахнаның таңдалуы бекер емес. Бірнеше жыл бұрын Есенғали Раушановтың 60 жас мерейтойына арналған «Біздің елдің жылқысы кіл көк мойнақ» поэзия кеші осында өткен еді. Сол жолы ақын ортада өзі жарқылдап отырып, мерейленді, кешті «Тоғыз қайық» атты өлеңімен қорытындылады. Ал осы кешке жиналғандар ақынның рухымен сырласқандай болып естеліктерді айтты, өлеңдерін оқып, оның жырларына жазылған әндер шырқалды.

Кешті жүргізген белгілі ақын, Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы Есенғали Раушанов батыс пен шығыс әдебиетін толық меңгергенін, өзіне дейінгі ақындардың шығармашылық жетістіктерін бойына сіңіріп, жаңа тұрпатты поэзия жасағанын атап өтті. Үлкен экран арқылы қазақ әдебиетінің алып бәйтеректерінің бірі Әбіш Кекілбайұлының ақын шығармашылығы жөнінде айтқан пікірі берілді. Онда жазушы Есенғали Раушановтың поэзиясы «Жігер» фестивалі кезінде елең еткізіп, жүрегіне қона кеткенін айтты.

Естеліктер легін көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастады. Ақынның қызы Әйгерім Раушановаға сый-құрмет көрсетті. Оның сөзін Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, Мемлекеттік кеңесшінің көмекшісі Қалқаман Сарин, Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Алмаз Мырзахмет жалғады. Белгілі ақын Мырзан Кенжебай Есенғалидың кісілік болмысы туралы айта келе, бүгінгі қазақ поэзиясына көзқарасын білдірді. Белгілі ақындар Ауыт Мұқибек пен Әбубәкір Смайылов арнауларын оқыды.

Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер қатарын Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының әртістері Лесбек Амановтың «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен бастады. Алматыдан жеткен ақынның жары Набат Раушанова ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Есенғали ақынның туған күні жылда поэзия кеші өтіп тұрса деген тілегін жеткізді. Ұйымдастырушылар атынан оған сый-сыяпат көрсетілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button