Руханият

Ерлік туралы еңбектер жарық көрді

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен елорданың Мемлекеттік архиві Ұлттық академиялық кітапханада Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Соның аясында Ұлы Отан соғысынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, «Ақмола Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» фотоальбомының және «Естелікке айналған есімдер» аталатын Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ақмола қалалық (аудандық) әскери комиссариаттан шақырылғандардың электрондық деректер базасының тұсауы кесілді.

Қала әкімдігі қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, ардагерлер, әскери қызметкерлер қатысқан жиынды Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ашып, жүргізіп отырды.

Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатын айтып өткен ол «Бұл соғыстың от-жалынды жылдарында біздің аталарымыз елін, жерін қорғау жолында ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсетті. Кешегі Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Нұркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов сынды көптеген батырларымыз ерліктің өшпес ізін танытты. Бұлар елге тек бейбіт өмірді ғана сыйламай, тәуелсіздік пен болашақтың негізі қалануы үшін қан төкті» деген Сәкен Есіркеп ақмолалықтардың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесіне тоқталды.

«Ақмола өңірі соғыс жылдарында ерен еңбек пен ерліктің символына айналды. Майдан даласында мыңдаған сарбаздары соғысқан Ақмола жұрты тыным таппай, майданға азық-түлік, киім-кешек, техника жөнелтті. Фотоальбом сол бір ауыр жылдары туралы сыр шертеді. Бұл жинақта ақмолалық жауынгерлердің ерліктері, тылдағы аналарымыз бен балалардың еңбегі, майдан мен бейбіт өмірдің қилы сәттері бейнеленген. Бұл тек суреттер емес, әр кадр – батырлықтың, елге деген сүйіспеншіліктің, өшпес рухтың көрінісі» деді Сәкен Есіркеп.

Генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев соғыс жылдарындағы тарих беттері әлі толығымен ашылмағанын, кейбір батырлардың ерлігін ел енді ғана біліп жатқанын айтты.

«Потсдам қаласында 6 жыл полк командирі болдым. Сонда Бруно деген неміс: «Сендер қазақсыңдар ғой. Рейхстагқа сендердің аталарың Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын тіккенің білесіңдер ме?» деді. Соны бізге, қазақтарға айтты. Сол кезде бір жағынан төбем көкке жетсе, бір жағынан қатты ұялдым. Қошқарбаев туралы естуім бар болса да, нақты ештеңе білмеуші едім. Содан кейін солдаттарды жинап, саяси бөлімнің жетекшісіне «әр жексенбі сайын жауынгерлерді Рейхстагтың жанына апар» деп тапсырма бердім. Солдаттар көздері жайнап, қуанып, тарихи ғимараттың жанында суретке түсетін болды» деді Бақытжан Ертаев.

«Тáyelsiz qazaqstannyń halyq batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы екенін айтып өткен ол Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы Ақтөбеде аталып өтетінін, аталмыш ұйым соған дайындық жүргізіп жатқанын жеткізді. Балаларды, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің мән-маңызына тоқталды.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов әр қазақтың отбасын соғыс өрті шарпып өткенін, Ақмола өңірінен 1941 жылдың 1 шілде күні 310-дивизия Ленинград майданына аттанғанын, оның сапында атасы Игісін болып, Эстонияда қазақ тапқанын айтып өтті.

«Соғыс жылдарын ешқашан ұмытпауымыз керек. Батырларымыз туралы балаларымызға, жастарға, немерелерімізге жеткізуіміз қажет. Ақмола облысынан елге, кезіндегі бүкіл Одаққа танымал батырлар шықты» деген Сансызбай Есілов еке мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновпен кездескен сәтті еске алды.

«Батырды шығарып саларда ескі әуежайға бардым. Кешігіңкіреп келіп, кірсем, Талғат аға жоқ. Жиналғандардан сұрасам «Ұшу жолағына шығатын шыны есіктің алдында толғанып тұр» деді. Шынымен солай екен. «Аға, не болып қалды, ауырып қалған жоқсыз ба?» деп сұрадым. «Сансызбай, ана көлдің атың білесің бе?» деді. «Осы жердің тумасымын ғой, әрине, білемін, Майбалық» деп жауап бердім. «Сол Майбалық пен ұшу жолағының ортасындағы кішкентай ауылда мен туғанмын» деді батыр дауысы дірілдеп» деген деректі алға тартты Сансызбай Есілов.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің күнделікті жұмысы да, жоспарлары да батырлардың ерлігін насихаттап, жастарға жеткізу екенін айтқан аталмыш ұйым төрағасы Ұлы Отан соғысы туралы интернеттегі теріс ақпарат оны қатты толғандыратынын жеткізді. Соғыс ардагерлері күннен-күнге азайып жатқанын, күні кеше ғана екі ардагер дүниеден өтіп, бас қалада енді 2 майдангер ғана қалғанын айтты.

Астана қаласы мәслихатының депутаты, генерал-майор Кендебай Адамбек мәслихат ардагерлерді қолдау, жәрдем беру, тарихи жадыны есте сақтау жұмыстарына жете көңіл бөлетінін айта келе, Amanat партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасына былтырдан бері 7000-ға тарта адам тартылып, 500-ге жуық іс-шара өткенін жеткізді. Әлеуметтік желі мен БАҚ-қа 500-ден астам мақала мен постер шыққанын тілге тиек етті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай бүгінгі заман технологияларын қолданып, Екінші дүниежүзілік соғыс батырларын насихаттаудың мән-маңызына тоқтала келе, ақмолалықтардың электрондық деректер базасы жасалғаны дұрыс болғанын жеткізді.

Қорғаныс министрлігінің Астана қаласы бойынша Ардагерлер ұйымының төрағасы, Генералдар кеңесі төрағасының орынбасары, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, мемлекет қайраткері Мейірболат Жақып, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов тақырып бойынша пікірлерін айтты.

«Ақмола Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» фотоальбомын құрастырушылар Астана қаласы Мемлекеттік архив директоры Жангелді Бимолдин, мекеме қызметкерлері Тілеуғали Қышқашбай, Ғазиза Исахан және әскери оқытушы Асқар Макипов. Архив директоры фотоальбом мен электрондық деректер базасын таныстырды. Бұл базада Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақмоладан аттанған сарбаздар туралы мәліметтер жинақталған. Тілеуғали Қышқашбай 5 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында архивтің Жеңістің 80 жылдығына арналған тағы бір жобасы «Әлмұқан Сембинов. Тағдыры тарихқа айналған…» кітабының тұсаукесері мен «Ерлік дастаны» атты тарихи-деректі көрменің ашылуы өтетінін жеткізді. Іс-шараны тәжік-ауған соғысының қатысушысы Мұрат Тұрабаев ерлік даңқы туралы өлеңімен түйіндеді.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button