Басты ақпаратҰлт ұпайы

Ерлік пен өрлік жыршысы

Иманжүсіптің есімі бар, ескерткіші жоқ...

«Тоқсан қатын толғатып ұл тапса да, Біреуі де бола алмайды Иманжүсіп» деп толғаған Иманжүсіп Құтпанұлы ілуде бір туатын, ноқтаға басы сыймаған, тайқы заманның тар құрсауына қарсы тұрып, азаттық рухын аңсаған айтулы тұлға еді. Арқада туып, алты алашқа әні озған сол Иманжүсіптің сүйегі қайда жатыр? Өр тұлғаны өз деңгейінде ұлықтай алдық па деген мәселеге назар аударсақ, көңіл көншітпейтін күрмеулі мәселелер кездеседі. Біздің Иманжүсіптің жоқшысы, тектіден қалған тұяқ, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Раушан ИМАНЖҮСІППЕН болған сұхбатымыз да сол аяда өрбіді.

Тектіден қалған тұяқ

– Раушан Нұрханқызы, сізді жұрт «тектіден қалған тұяқ», «Иманжүсіптің немересі» деп біледі. Иманжүсіпте неше бала болған?

– Иманжүсіптің 10 баласы – 7 қыз, 3 ұлы болған. Мен сол үш ұлдың кішісі Нұрханның баласымын. Атамыздан тараған ұрпақтар тағдырдың теперішін көп көрді. Кеңес дәуірінде «халық жауының баласы» атанып, шетқақпай көріп өсті. Иманжүсіп атылғаннан кейін ағалары – Сейітхан мен Дәулетхан Нұрханды жетімдер үйіне апарып, «аз күннен кейін тәтең келіп сені алып кетеді» деп тастап кетіпті. Осылайша әкем жетімдер үйінде өсіп, ке­йін соғысқа аттанды. Соғыстан кейін туған жерінде тергеуші болып жұмыс істеді. Сонда жергілікті халық «неге халық жауының баласы тергеуші болуы керек» деп шу шығарып, оны жұмыстан шеттеткен.

Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай Сіргебайұлы Қоқан қарауындағы Түркістанның Шілік деген жерінде беделді датқа болған. Бірақ Тұрғанбай өкімет адамдарының айтқанына көніп, айдауына жүре бермеген, қандай мәселені де әділдік таразысына салып шешуге ұмтылған. Датқаның бұл мінезі Қоқан билеушілеріне жақпай әрі екі арада шағыстырушылар көбе­йіп, ақырында тыюсыз кеткен қоқандықтар Тұрғанбайдың ауылына шауып, қолға түскен адамның бәрін набыт етіп, малдарын айдап кетеді. Тұрғанбайға қарасты қыпшақтарды қоқандықтар көгенге байлап бауыздаған, датқаның үстіне ыстық су құйып өлтірген. Тұрғанбай ауылын Қоқан әскерлері қан-жоса етіп қырғанда, оның әйелі тоғыз айлық Баймырзасын жол шетіне қалдырып кетеді. Сол баланы Арқаға бара жатқан керуеншілер тауып алып еліне әкетеді, оған Құтпан деп ат қоя­ды. Құтпан қайратты, қарымды болып ержетеді. Ресейдің отаршылық басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын бастаған Кенесары Қасымұлының қосынында Құтпан айтулы ерлердің бірі боп танылады.

Халқының жанашыры, намысының жоқшысы болған Иманжүсіп те отаршылдардан аз қысым көрген жоқ, талай рет түрмеге қамалып, соңында бас сауғалап, бір жағынан Қызылорда жақтағы қыпшақтар датқаның ұрпағы деп құрметтеп шақырған соң, 1913 жылы Шиелі жаққа кеткен. Кейін Мойынқұм көтерілісінің басшысы деп танылып, 1931 жылы 2 наурызда «халық жауы» деген жаламен атылған. Оның сүйегінің қайда қалғанын ұрпақтары бертінге дейін білген жоқ.

– Қазіргідей әркім өз бабасын іздеп, ұлт мүддесінен гөрі белгілі бір топтың ұпайын түгендеу көрініс беріп жатқан тұста Иманжүсіп сынды елге тұтқа болған азаматтар назардан тыс қалып бара жатқан жоқ па?

– Бұл – өте орынды әрі жанға бататын сұрақ. Ал Иманжүсіп сияқты тұлғалар – тек бір рудың емес, бүкіл ұлттың ортақ құндылығы. Ол Арқаның ғана емес, Алаштың азаттығы үшін атойлаған арыстан еді. Оның ерлігі мен рухани мұрасы бүкіл қазаққа ортақ. Сондықтан Иманжүсіпті дәріптеу – бір отбасының шаруасы емес, ұлттық деңгейдегі міндет. Бірақ осы тұрғыда көп олқылық бар. Мысалы, Иманжүсіп туып-өскен (Ақмолада) Астанада оған бір ескерткіш тұрғызылмағаны ұлттың өз тарихына салқын қарауының көрінісі сияқты. Неге халық батыр бабаларымыздың атын атап, хатын тануға салғырт қарайды? Бұл тек Иманжүсіпке ғана емес, бізге аманат боп қалған тұтас рухани мұраға жасалған немқұрайдылық сияқты.

«Айырылып қалмас қазақ несібінен»

– Иманжүсіптің Астанада бір ескерткішінің жоғы бізді де қынжылтады. Бұл мәселені газетке де жаздық, ақын-жазушылар да айтып жүр. Бірақ әлі күнге дейін ескерілмей келеді.

– Иә, ұдайы айтылып келеді. Иманжүсіптің 150 жылдық мерейтойында ақын, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтайдың:

Болыс болған бабама Есілім ең,

Шаһар болдың

бұл күнде есігі кең.

Астанамда спорттың

бір сарайы

Аталса Иманжүсіп есімімен,

Ескерткішін орнатсақ

бас қаладан,

Айырылып қалмас

қазақ несібінен, – деп жырлағаны соның дәлелі ғой. Мен де біраз хат жаздым. Бірақ бір ескерткіш қойылмай тұр, әттең!..

Астананың іргесінде, Қара­ғанды тасжолының бойында Жібек жолы дейтін ауыл бар. Сол ауылда Иманжүсіп атындағы мектеп, Иманжүсіп музейі бар. Бірақ мұражайды мектеп ішінде қалдырмай, жеке ғимаратта ашу керек еді. Онда Иманжүсіпке қатысты қаншама дерек, қаншама жәдігер жинақталды. Иманжүсіп Астананың, Ақмоланың сал-серісі болған соң, оның атында бір керемет музей болса, алыс-жақыннан келген қонақтардың бәрі алдымен ат басын бұратын айтулы орынға айналар еді.

Жібек жолы ауылында Құтпан әулетінің қорымы да жатыр. Ол қорымда Иманжүсіптің әке-­шешесі, ағалары жерленген. Бұл қорым тарихи және рухани мәні зор нысан ретінде танылып, 10 жыл бұрын «Ақмола облысындағы сакралды орындар» тізіміне енген. Қазір оны мемлекет қорғауына алған, тиісті құжаттары рәсімделген. Бірақ сол қорымның сырты қоршалып, дұрыс күтім жасалмай жатыр.

– Тым құрығанда, сол Жібек жолы ауылын «Иманжүсіп ауылы» деп атауға мүмкіндік болмады ма?

– Айтылды. Бірақ сол ауылда тұратын кейбір ақсақалдар ауыл­ға Иманжүсіптің емес, Тәшеневтің атын берейік деп қарсы шықты. Шын мәнінде, Тәшенев Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған ғой. Ол кісіні неге ақсақалдардың Жібек жолы ауылына сүйреп жүргенін түсінбедім. Сонымен ауылдың пікірі екіге жарылған соң, екеуіне де бермей, «Жібек жолы ауылы» деп атап кетті.

Елорданың Сарыарқа ауданына қарайтын ескі теміржол вокзалы аумағында Иманжүсіп Құтпанұлы атында көше бар. Ақмола Астана атанған алғашқы жылдары қаладағы Литейная көшесі Иманжүсіп атына өзгерді. Бертінде қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы атындағы көше Иманжүсіп Құтпанұлы көшесімен бірікті. Осылайша Иманжүсіп көшесі ұзарды. Алайда Иманжүсіп атындағы көшені қаланың шетінде қалдырмай, шаһардың көрнекі аумағына ауыстырса тіпті керемет болар еді деп ойлаймын.

Мен 90-жылдардың басында Астанаға алғаш келгенде, жасы 80-90-нан асқан ақсақалдар көп болатын. Солардың біразы Иманжүсіптің көзін көрген. Иманжүсіп десең кемсеңдеп жылап қоя беретін. Қазір солардың бәрі кетті, Иманжүсіптің жоқшысы боп жүрген менің өзім 70-тен астым.

Кекілбаевтың көмегі

– Сіздің атаңыз жайлы жазған кітабыңызға Әбіш Кекілбайұлының көмегі тигені рас па?

– Рас. «Иманжүсіптің жоқшысы» деген «атақты» да маған абыз жазушы Әбіш Кекілбаев берген. Бірінші рет Әбіш ағаның алдына барғанда, қолмен жазған үш папка кітабым болды. Тақырыбы – «Иманжүсіп». «Аға, осы кітапты жаздым, сізге көрсетуге келдім» дедім. Мемлекеттік хатшы болып тұрған кезі, Иманжүсіп дегенде елең етіп, аса бір ықылас танытып, апыл-ғұпыл шапаны мен галстугын шешті де, мені отырғызып қойып, үш сағат бойы сол жазбаларымды бас алмай оқып шықты. Үш сағат бойы! Менің жазуым, шыны керек, өте түсініксіз болатын. Бірақ бір рет те «мынау не?» деп сұраған жоқ. Жан-тәнімен беріле оқығаны күні бүгінге дейін көз алдымда.

Бұл қолжазбаға Иманжүсіптің өмірінен алынған 15-ке жуық әңгімені топтастырған едім. Оның туыстары, балалары, бастан кешкен оқиғалары – бәрі жазылған. Әбіш аға оқып болған соң бірден телефон шалып: «Алтеке, маған Иманжүсіптің немересі келіп отыр. Кітапты шығару керек» деді де, «Ал енді Алтекеңе бара ғой, айтып қойдым» деді. Мен «Алтеке» деген кім деп жүрсем – Мәдениет және ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев екен. Қыздар жол көрсетіп, министрге кіргізіп жіберді. Алтекең: «Уайымдамаңыз, қаржы бөлінеді. Кітап шығады» деді. Бірақ ақша бөлінгенмен, «Өнер» баспасы 500 беттік «Иманжүсіп» атты қолжазбамды қысқартып, 200-250 беттей ғана етіп шығарды. Сөйтіп, Әбіш аға мен Алтынбек Сәрсенбаевтың көмегімен менің тұңғыш кітабым – «Иманжүсіп» жарық көрді. Кітап баспадан шыққан күннің ертесінде Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстан» газетіне «Иманжүсіп жайлы кітап шықты, оның ұрпағы бар екен» деп бір бет мақала жазды.

Әкеден – аманат

– Сізді Иманжүсіптің жоқшысы болуға итермелеген не күш?

– Әкем Нұрхан өмір бойы әкесі Иманжүсіптің із-дерегін іздеумен өтті. Бірақ оның сүйегінің қайда жатқанын таба алмай, басын тауға да, тасқа да ұрды. Иманжүсіптің есімін кішкентай кезімізден біздің құлағымызға құйды. Ол кісінің алты баласы болған, жарықтық, бірақ әкем ұлдарынан үміт күтіп, Иманжүсіптің жоқшысы болса екен деп тіледі, ал «қыз жат жұрттық» деп бізге барған жерлеріңнің бағын ашсаңдар, ұрпағын көбейтсеңдер болды дейтін. 1992 жылы «Сіздің әкеңіз Иманжүсіп 1931 жылы 2 наурызда «халық жауы» деген айыппен атылған. Сүйегі Таразда жатыр. Басқа деректер керек болса бізге хабарласыңыз» деген хат келгенде әкем қартайып қалған кезі еді. Содан мені шақырып, «Қызым, саған аманат, әкемнің жатқан жерін тап. Әндерін тап, оның рухын туған халқымен қайта қауыштыр. Сенен тілерім осы» деді. Сөйтіп 1992 жылдан бастап сол төрт бет қағазды көтеріп алып, Иманжүсіптің жоқшысы боп жүрмін.

– Сүйегін таптыңыз ба?

– Жамбылға барып, Иманжү­сіптің сүйегі жатыр деген жерді өз көзіммен көрдім. Орыстың көрілігінің оң жағындағы үлкен ор екен, әкем атылғаннан кейін мәйіті сол орға тасталып, үсті топырақпен көмілген. Ол арада тек Иманжүсіп қана емес, қызылдар атқан талай адамның сүйегі қабат-қабат етіп көмілген. «Орды ашайық, Иманжүсіп ірі адам болған, мүмкін сүйегін тауып алармыз» деп едім, оған мүмкіндік жоқ деді. Сол ор әлі күнге дейін қоршалған жоқ, боздақтардың қаны төгілген жер ластанып, әбден былғанып кеткен. Мен белгі орнатып едім, оны да біреу жұлып, лақтырып жіберіпті. Жергілікті әкімдікке де талай бардым, қарағымды мінгізіп, шырағымды жетектетіп шығарып салады.

Жалғыз суреттің тарихы

– Иманжүсіптің суреті қалай табылды?

– Иманжүсіптің жалғыз суреті ғана бар, оның өзі көшірме. Жәнібек Кәрменов Ленинградқа барып жүрген бір сапарында қазақ газеттерін оқып отырып, Иманжүсіптің фотосын көреді де, фотоаппаратына жасырын түсіріп алып, елге алып келеді. Қазір Қазақстанда тарап жүрген сурет сол. Жәнібек Кәрменов түсірген сол фото қазір Иманжүсіп музейінде тұр.

Иманжүсіп суретке көп түспейді екен. 1927 жылы Қазан төңкерісінің мерейтойында Сәкен Сейфуллин Иманжүсіпті Қызылордаға шақырғанда жеті жастағы әкем ере барыпты. Сол жолы Сәкен, Иманжүсіп және әкем Нұрхан, тағы біреуі Жұмабай Орманбаев болса керек, төртеуі суретке түскен, ол фотоның бір данасы біздің үйде де болған, қызылдар әкемді ұстағанда бірге әкетіпті, сол фотоны әлі таба алмай жүрмін. Ал Әнес Сараев «Қазақ әдебиетінің» бір санында атамның суреті шыққанын айтып еді, «Қазақ әдебиетін» талай ақтардым, таба алмадым, көп нөмірі жоқ. Ал Ленинград – Санкт-Петербургте сақталған. Әттең, «ойлаған ойды билеген тұрмыс жеңіп», сол қалаға жете алмай жүрмін.

– Иманжүсіптің әндері туралы айтсаңыз. Қанша әні бар?

– Иманжүсіптің 20 шақты әні болған. Ал А.Затаевич Иманжүсіптің Қазақстанның бірнеше өңірінен жазып алған 6 әнін нотаға түсіріп, мұра етіп қалдырды. Бірақ ол кісі қазақ тілін білмейді ғой, сосын да тек нотасын жазып, сөзін жазбаған. Мәселен, «Ел қайда?» әні туралы ол Қостанайдан екі қыз келіп айтып берді деп түсініктеме жазған. Содан бір жылы жаз бойы Қостанайды аралап, Глазуновка деген ауылға тойға бардым. Ақсақалдар өте көп екен. Олардан «аталар, Иманжүсіптің «Ел қайда?» деген әнін білесіздер ме?» деп сұрап едім, бір шумағын ғана білетін болып шықты. Содан екінші шумағын ақын Серік Тұрғынбекке жаздырдым. «Ел қайда?» әнінің жайы осылай. Қайрат Байбосын Иманжүсіптің «Батыр-ау» деген әнін орындап берем деп жүргеніне де біраз уақыт болды, әлі жоқ. Сөзін жазып алғанмын. Ал «Сары­арқа» әнінің төрт нұсқасы бар. Е.Брусиловский Иманжүсіптің «Сары мойын» әнін операға «Бекежанның ариясы» қып кіргізіп жіберген. Әндерінің сөздерінде де аусай айтылып жүрген тұстары бар. Мәселен, қазір бәрі «Жүз қатыны қыпшақтың ұл тапса да, бәрібір бола алмайды Иманжүсіп» деп айтып жүр, әкем мұны естігенде кейіп, қатты ренжитін. Мен Иманжүсіптің көзін көрген адамдардан сұрағанымда «Тоқсан қатын толғатып ұл тапса да, Біреуі де бола алмайды Иманжүсіп» деп айтып берген.

Қолжазбаға қолдау қажет

– Ал мынау не қылған қолжазба?

– Бұл қолжазбаны саған көрсетейін деп әдейі дайындап қойдым. Бұл – Жұмабай Орманбаевтың өткен ғасырдың 60-жылдары Иманжүсіп туралы жазған «Даланың перзенттері» деген романы. Күні бүгінге дейін жарық көрген жоқ. Қолжазбаны компьютерде тергізіп, дайындап қойып отырмын. Бұл кітапты Үкіметтің қолдауымен немесе баспалардың демеуімен шығармаса, оны бастыруға менің мүмкіндігім жетпейді.

– Сұхбатымыздың соңында ойда жүрген өтініштерді де айта кетіңіз.

– Ең бастысы, Астанада Иманжүсіпке керемет бір ескерткіш қойылса деймін. Ол Ақмоланың (Қараөткелдің) сал-серісі ғой. Жұмабай Орманбаевтың романын баспадан шығаруға Үкімет қолдау көрсетсе, Иманжүсіп үшін де, автор үшін де қайыр­лы жұмыс болар еді. Санкт-­Петербургке барып газеттерді ақтарып, Иманжүсіп жайлы деректерді жинауға демеуші табылса, қатты қуанар едім. Менің 30 жылдан астам уақытым Иманжүсіпті зерттеумен өтті. Он шақты кітап жаздым. Осыған дейін бұл еңбегімді ешқашан бұлдаған емеспін. Қазір мен де 70-тен астым. Астанада қуықтай үйді жалдап тұрып жатырмын. Менің де еңбегімді ескеріп, бас қаладан бір пәтер берілсе деген өтінішім бар. Бұл Иманжүсіп рухына жасалған құрмет болар еді деп ойлаймын!

Сұхбаттасқан

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button