Ерекше балалар өнер көрсетті

Бас қаладағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Voice Astana шығармашылық студиясының жас орындаушылары мен «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының балалары қатысқан Sunny voice-2025 есептік концерті өтті.
Концерт Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Сахнада 30-ға жуық өнерпаз өнер көрсетті, олардың арасында ең кішкентайы – 4 жаста. Қонақтарға мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынылды: жеке әндер, фортепианолық шығармалар және ансамбльмен қойылымдар. Негізгі мақсат – балалардың, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, олардың дамуына қолайлы және достық орта қалыптастыру.
Voice Astana студиясының негізін қалаушы Махаббат Мұхамеджанованың айтуынша, концерт бағдарламасын балалар өздері таңдаған, ал педагогтар қосымша ұсыныстар берген.
«Көрермендер үздік қойылымдарды тыңдады. Әрине, ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес, төзім қажет. Бірақ бірінші кезекте махаббат тұруы тиіс. Біз балаларға үнемі сахнаға шығып, өздерін нағыз әртіс ретінде сезінуге мүмкіндік беруге тырысамыз. Бұл – біздің басты мақсатымыз» деді ол.
Концертке қатысушы, студия оқушысы Елена Палий де өз әсерімен бөлісті:
«Бұл – менің екінші өнер көрсетуім. Концертке лирикалық шығарма таңдадым. Дайындық шамамен екі айға созылды. Мұндай іс-шаралар өте маңызды деп есептеймін. Олар балаларға бейімделуге, сахнадан қорықпауға, көпшілік алдына шығуға, өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуге көмектеседі» деді жас өнерпаз.