Ел тынысы

Ер есімі ел есінде

1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысысының дүрбелең кезінде ел үшін Отан үшін өлсек те беріспейміз, артқа бір адым да шегінбейміз деп, ант еткен жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Сол сұрапыл жылдарда, қару асынып, соғыстың бел ортасында жүрген батыр әке-ағаларымыздың ерлігін жазу – мына біздің міндетіміз деп білемін.

Алда әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толғалы тұр. Осыған орай, әкем мен інісі Мәжит ағам туралы жазуды қолға алдым.

Әке… әке туралы сөз қозғасам жазарым көп, бірақ соның бәрін қалай жеткізсем деп, мың толғанам. Адам баласын қастерлейтін оның ұмытылмас қасиеті мен адамгершілігі ғой. Елі үшін, халқы үшін, ауыл үшін адал терін төксе, халқының абыройына бөленеді. Халық ерлігі мен еңбегін еске алып, үлгі етеді. Міне, осындай, ел-жұртының құрметіне бөленген менің әкем-Тоқболатов Хамит Әлиұлы еді. Әкем- бір неше медальдармен марапатталған “Ұлы Отан соғысының ардагері” және “Еңбек ардагері”.

Әкем 1940 жылы Отан алдындағы азаматтық міндетін атқару үшін әскер қатарына алынады. Владивосток жерінде азаматтық міндетін атқарып жүрген кезінде, 1941 жылы соғыс басталады. Әскерлерді жинап, эшелонмен Вязьма қаласына әкеледі. Сол кезден майдан шебіне кіріп, Отан үшін жан пида деп, кеудесін оққа төсеп, Отанын, елін қорғайды. Соғыстың бел ортасында болады. Осылайша, соғыстың басынан аяғына дейін болып, жеңіске жетеді. Соғыс біткен соң, қираған қалаларды орнына келтіру үшін, тағы үш жыл қалып, еңбек етеді. Осыдан соң, туып-өскен жері, туған ауылы Макин ауданына қарасты, Қыстау-Қарағайға оралып аянбай еңбек етті.

Ертеректе Ақкөл өңіріне аты мәлім, Ақсары, Күлсары руынан шыққан, Дамсаны мекен етіп, 25 жыл болыс болған, әділ Серғараұлы Мәулидің қызы- Жезтайға (Бибіжамалға) үйленеді. Анамыз екеуі қиндықты да, қуанышты да қартайғандарынша бірге өткізді.

Қыстау-Қарағайда жүрген кезімізде, аяқ астынан қоныс аудардық. 1962 жылы қыркүйек айында, Сарыарқаның төсінде жатқан Қорғалжын өңіріне қарасты Талдысайға көшіп келдік. Біз келгенде, 5-6 ғана үй болатын. Құрылыстың жаңа басталып жатқан кезі.

Ауылды көтеру үшін, жер-жерден құрылысшылар ағылып келіп жатты. Олар әр ұлттың өкілдері болатын. Әкем құрылыс басшысы болды. Мектеп, балабақша, медпункт, екі дүкен, клуб, контор, қойшы балалары жататын интернат, астық, жеміс сақтайтын қоймалар, наубайхана,монша-бәрі болды. Ауылды осылай көтерді.

Әр жылда келетін 9 мамыр Жеңіс күні, ауылдағы Үлы Отан соғысының ардагері үшін, ерекше күн болатын.

Ауыл клубына жүрт жиналып, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу кештерін өткізетін. Жиналған жұрттың алдында, әкем бірінші сөз бастайтын. Алдымен, Волоколамск тас жолындағы қанды шайқасты тебірене баяндап беретін.

“Жау үстімізді атқылап жанталасты. Мотоцикл мінген олар қара құртша қаптап келеді. Жауды алға жібермеу үшін, бар күшімізді жинап, бізде қарсы от атқылай бастадық. Отан үшін, ел, үшін, алға” – деп, қарсы жүгірдік. Дала көк түтінге оранып, айнала атыс-шабыс, ысқырған снаряд, зуылдаған оқ, түк көрінбейді. Біз болсақ, жауған оққа қарамай, жауға қарсы ұмтыла бердік жаудың біразы жараланды, біразы көз жұмды деп, сұрапыл соғыс кезіндегі сәттерді есіне алып біраз үнсіз тұрып, көзіне жас алатын.

Осылайша әкем-Хамит Мәскеу түбіндегі Волоколамск тас жолын қорғауға ат салысып, Мәскеуді жаудан қорғап, сұрапыл соғыстың ортасында болыпты.

II дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Мектеп мұражайында әкеміздің Жеңіс күні түскен суретінің астына бір шумақ өлең жазылған.

“Волоколамск тас жолында оқ боратып,

Келеді ардагерім-Тоқболатов

Бүгінде құрылыс салу майданында,

Жүргендей әр шегесін оқ қып атып”

делінген.

Бұл шумақтың авторы-мектеп директоры Тұрлыбеков Мәжит Өмірзақұлы еді.

Әкем ол кісіні інім дейтін, себебі осы кісімен аттас Мәжит деген інісі болды.

Әкеміздің інісі Мажит 1941 жылы майдан шебіне соғысқа аттанады. Өкінішке орай, Мәжит ағамыз майданнан қайтып оралмады. 1943 жылы соңқы рет, қайыңның қабығына қанмен жазылған хаты келді. Содан хабарсыз кетті.

Көп жыл іздестіре жүріп, 2022 жылы қайда жерленгенін таптық. Қандай өкінішті, соғыстың жеңіспен аяқталғанын көрмей кету. Қазақтың батыр қыздары-Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлова жерленген Невельден 70 шақырым жердегі Псков облысының Пустошинский районына қарасты Алушково деревнясында жерленген екен.

Солжағында 25 шықырым жерде Мәншүк Маметованың зираты, оң жағында Әлия Молдағұлованың зираты тұр. Мәжит ағамыз сонда ортада жатыр. Бірақ ағамыз қанды майдан ортасында жүрсе де, Ресей тарапынан еш марапаттаулар болмаған. Неге?…

Майданға аттанған жері, туып-өскен жері Макин ауданы, Қыстау-Қарағай селосы деп, жазылып тұрса да, кейінгі жылдарға дейін, белгісіз солдаттардың қатарында тұр. Қанды майданға қатысқан әрбір жауынгер, батыр болып есептелмей ме?! Жас өмірлерін қиып, “Отан үшін” деп жер жастанып, мұз жамылған, кеудесін оққа төсеген әрбір жауынгердің ерлігі біздер үшін, кейінгі ұрпақ үшін, нағыз ерлік, нағыз батыр. Олар мәңгі есте қалмақ.

Ойымды әрі қарай жалғастырсам, әкем де, анам да елге еңбегі сіңген, ардагер жандар.  Анамыз да соғыс жылдары көп еңбек сіңірген жан. Ауыл-ауылдан салық жинап, майдандағы әскерлерге, яғни майдан шебіне тігілген күпәйке, шалбар, биялай, малақай, бөкебай жинап, вагонмен жіберіп отырған. Күндіз-түні ұйқы көрмей, қызмет еткен. Ауыл балаларын оқытқан.

Анамыз үш рет қажылыққа барып келген. Астанада зейнеткер мұсылман әйелдер қоғамының мүшесі болды. “Алтын қазық” ұйымдарына қатысты. Газетке өнегелі мақалалар жазып тұрды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Аттарын мәңгі сақтайтын екі қыз, төрт ұлы бар. Бәрінің де өз шаңырағы, өз қызмет орны бар.

Әкеміз 80-ке келген шағында 2000 жылы тамыз айында дүниеден өтті.

2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай шығарылған “Біз жеңістің мұрагерлеріміз” атты кітапта басылып шықты.

Анамыз Мәулиқызы Жезтай қажы 2014 жыл қыркүйек айында, 92-ге келген шағында, бұл дүниемен қоштасты.

Жатқан жерлері жүмақтың төрінен болсын демекпіз.

Жеңістің 80 жылдығына орай, Қыстау-Қарағай селосынан майдан кейіне аттанған әке-ағаларымызды еске алып, ескерткіш-монумент тас орнатқалы отыр. Игі бастаманы, қолға алып отырған Хамитұлы Мұсылманбек інім және сол ауылдан өрбіген ауыл азаматтары.

Ұйымшылдқтарың үшін, рахмет айтамын.

Әлиевтер әулеті.

                                                  Жазған Маулиева Шарипа Хамитқызы

                                                            Зейнеткер ұстаз, еңбек ардагері.

                                                                      Астана қаласы. 2025 жыл.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button