Ел тынысыСаясат

Еңбек ұжымына Конституциялық реформаларды түсіндіру іс-шарасы өтті

Елордадағы «Алматы» бизнес орталығында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Кездесуге орталықтың еңбек ұжымы мен әкімшілік өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Спикерлер ретінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, Республика партиясының өкілі Нұрлан Нұрмағамбетов және Қазақстан Халық партиясының өкілі Насихат Смайл сөз сөйледі. Жиын барысында олар ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталды.

– Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновацияны ел дамуының негізгі қозғаушы күштері ретінде қарастыру ұсынылады. Бұл жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға, шығармашылық пен технологиялық бастамаларды дамытуға жол ашады. Білім беру саласындағы тең мүмкіндіктердің сақталуы сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жаңа конституциялық нормалар азаматтардың міндетті орта білім алу құқығын бекітіп, жоғары білімді конкурстық негізде алуға жағдай жасайды, – деді Н.Смайл.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Нұрлан Нұрмағамбетовтың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – алдағы өзгерістердің мәнін азаматтарға жеткізу.

«Еңбек ұжымының, қарапайым азаматтардың, бизнес қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлердің саяси үдерістерге белсенділік танытуы талқылаудың шынайы, ашық әрі мазмұнды болуын көрсетеді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын тікелей еңбек ұжымдарында жүргізу маңызды. Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Қазақстан дамып келеді, сондықтан мемлекеттік жүйе де заманауи талаптарға сай болуы тиіс» деді спикер.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button