Ел тынысы

Еңбек министрлігі жартыжылдық жұмыс қорытындысын шығарды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомствоның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары талқыланған алқа отырысы өтті. Шара барысында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек қатынастарын реттеу, Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру, цифрландыру және көші-қон процестері мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен отырыс вице-министрлердің, ведомство департамент басшыларының, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті, көші-қон, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеттерінің, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларының қатысуымен өтті.

Онлайн режимінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, министрлік комитеттерінің аумақтық департаменттерінің, министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың филиалдарының басшылары, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Отырыста сөз бастаған Бірінші вице-министр Қазақстан халқына оң әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Есептік кезеңде министрлік барлық жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етті, ал мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалуда», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Сонымен қатар негізгі көрсеткіштерге қысқаша тоқталды.

Мәселен, 2025 жылдың 6 айында жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 250 мың адам жұмысқа орналастырылды.

23 мыңнан астам адамның еңбек құқығы қорғалды. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар өндірістік жарақаттануды 16,6%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Мүгедектерді әлеуметтік қолдау аясында жалпы сомасы 285,7 млрд теңгеге жәрдемақылар мен төлемдер жасалды. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 300 мыңнан астам техникалық құралдар мен оңалту қызметтері көрсетілсе, 18,6 мың адам мүгедектерге арналған такси қызметін пайдаланды.

Әрі қарай Еңбек министрлігінің өкілдері ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берді.

Алғашқы сөзді вице-министр Асқар Биахметов алды. Ол аралық нәтижелер мен жоспарлар, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша алдағы жұмыстарға тоқталды. Ол 2025 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.

«Түрлі шаралармен 196 мыңнан астам адам қамтылды, оның 48,1 мыңы кәсіптік оқытумен, 30,8 мыңы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 113,7 мың адам субсидияланған жұмыс орындарына орналасты, ал әлеуметтік осал топтағы 4,2 мың адам мемлекет тарапынан өтеусіз жәрдемақы алды», – деді Биахметов.

Вице-министр сондай-ақ жұмыспен қамтудың белсенді шараларын қамтамасыз ету стандарттарын жетілдіру, жұмыспен қамту саласында цифрлық жобаларды іске асыру және т.б. бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен Түркістан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадіров өз өңірлері тұрғысынан осы сала бойынша нақты көрсеткіштермен таныстырды.

Келесі кезекте вице-министр Виктория Шегай 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы баяндама жасады.

«Елімізде инклюзивті қоғам мен қолайлы орта құру үдерісі физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік және басқа да ерекшеліктерге қарамастан мүгедектер үшін қоғамдық өмірдің барлық салаларында тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ықпал етеді.

Жаңа мемлекеттік инклюзивті саясатты орта мерзімді перспективада іске асыру кедергілерді жоюға және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, мүгедектердің қажеттіліктерін ескеріп, халық үшін инклюзивті ортаны құрудың әлеуметтік-құқықтық моделіне негізделеді», – деді вице-министр.

Ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қызмет көрсетуді кеңейту бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы ақпаратпен бөлісті: арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау, олар үшін жан басына қаржыландыруды енгізу, әлеуметтік қызметтер порталына мүгедектерге такси қызметін енгізу.

Вице-министрден соң сөз кезегін алған елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, «ЕРДО» АҚ вице-президенті Бақтияр Жазықпаев және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Захира Бегалиева мүгедектерге қолдау көрсету шаралары туралы айтты.

Вице-министр Олжас Анафин кездесуге қатысушыларды әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың барысы және ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың қызмет алушылардың ыңғайлылығын арттыруға және оларды көрсету үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге тигізген әсері туралы хабардар етті.

Ол сонымен қатар үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығы мен тұрақтылығын бағалаудың скорингтік моделін енгізу және цифрлық жұмыспен қамту экожүйесінде жасанды интеллект элементтері туралы айтты.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Шонов көші-қон процестерін реттеу мәселелері туралы хабардар етсе, Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ағымдағы жұмыс бағыттарына тоқталды.

Алқа отырысын қорытындылаған Асқарбек Ертаев ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында шешуді қажет ететін бірқатар міндеттерді белгіледі.

«Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – сапалы кәсіби даярлау, еңбек нарығын дамыту, еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау, сондай-ақ атаулы және тиімді әлеуметтік қолдау арқылы әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.

Біз Елбасы мен Үкімет белгілеген стратегиялық мақсаттарды басшылыққа ала отырып, бұл мақсаттарды дәйекті және жүйелі түрде жүзеге асыратын боламыз», – деп түйіндеді Ертаев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button