Басты ақпаратҚоғам

Еңбек адамы – ел ырысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған сәттен бастап елімізде еңбек адамының мәртебесі көтерілді. Президент өз Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс» деп атап өткен еді. Кеше елордада адал еңбегімен еленіп жүрген жұмысшы мамандар ­құрметке бөленді.

Кеше Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда елорданың ең үздік әулеттері, «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздары ­марапатталды.

Президент тапсырмасымен биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бастама қоғамда еңбектің, кәсіптің қадір-­қасиетін ұлықтауға бағытталған. Еңбек күні мерекесіне орай ұйымдас­тырылған жиында ел өмірінің негізін құрайтын адал еңбек иелеріне құрмет көрсетілді. Сахна төрінде ардагерлер мен өндіріс озаттарын, тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден құттықтады.

«Біздің қоғам мен мемлекет үшін ең жоғары құндылық – бұл еңбек адамы. Министрлік қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдік пен құқығын қорғау бағытында көптеген іс-шараны жүзеге асырып келеді. Бүгінде елордада 700 мыңнан астам маман еңбек етсе, 150 мыңнан астам еңбек ардагері тұрады. Бұл – өзге өңірлерге үлгі» деді салтанатты жиында сөз алған министр С.Жақыпова.

Сонымен, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Смағұловтар әулеті (ұстаздар) 3-орынды, Бекжановтар (ұстаздар) әулеті 2-орынды, Бурлиновтар (теміржолшылар) әулеті 1-орынды иеленді. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Алма Сәуле­баева 3-орын, Мұратбек Сыздықов 2-орын, ал Дисембай Шайкенов 1-орын алды. «Өндірістің үздік жас маманы» бойынша өткен конкурс нәтижесінде жас инженер Балнұр Қанатқызы 3-орын, машинист Темірлан Нұрмұхамбетов 2-орын алса, агроном Гүлзия Шәріповаға 1-орын бұйырды. Елордада бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігін айғақтайтын «Парыз» конкурсының аясында «Dar rail» кәсіпорны мен Ақмола вагон жөндеу зауыты жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, өз саласында еңбегімен көзге түскен бір топ жұмысшы алғыс хатпен марапатталды.

Айта кеткен жөн, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіповтің айтуынша, биыл Астанада 68 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда қаланың еңбек нарығында 7 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button