Еңбегімен өрге озған

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтты. Елордада елеулі еңбегімен ілгері басып, өрге озған азаматтар аз емес. Солардың бірі – астаналық слесарь-сантехник Нұржан Құсайынов.
Ақмолада туып-өсіп, орта мектепті тәмамдағаннан кейін, кәсіптік училищеде білімін жалғастырған жас жігіт алғашқы еңбек жолын 1996 жылы қарапайым жұмысшы болудан бастады. Содан бері ол мыңдаған тұрғынның үйіне сантехниканы орнату және реттеу, судың ағып кетуін жою, құбырларды төсеу және жөндеу секілді жұмыстарды атқарып келеді.
Нұржан Өмірзақұлының қолынан келмейтіні жоқ. Мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген маман кез келген жұмысты сапалы әрі адал атқарады. Өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маманның қызметіне нарықта сұраныс та көп. Бүгінде ол «Адал ниет Астана» жекеменшік мекемесінде сумен жабдықтау, кәріз, жылыту және басқа да санитарлық-техникалық коммуникациялар жүйелерін монтаждаумен, жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысады.
– Жұмыстың жаманы жоқ, қазіргі кезде кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарса, кейінгілер де аға буыннан үлгі алып, дәстүр жалғаса береді. Бұл ретте мен жөнделген жабдықты орнатып, сынақтан өткізумен қатар, оны жұмыс істеп тұруына толығымен дайындаймын, сондай-ақ ақауларды анықтап, механизмдердің техникалық диагностикасын жүзеге асырамын. Әртүрлі слесарлық құралдарды, атап айтсақ, гайка кілттері, балға, электр бұрғысы, бұрғылау және ажарлау машиналары, қырғыш және тағы да басқа бақылау-өлшеу аспаптарын пайдалана отырып, жабдықты жинау кезінде техникалық талаптарға сәйкес олардың нақты өзара орналасуына ерекше мән беремін. Барлық нормаларды сақтау маңызды. Бөлшектерді қиыстырып келтірумен бірге тетіктердің жұмысын дұрыстаймын және реттеймін. Жұмысым оңай деп те айта алмаймын. Дегенмен тұрғындардың тілегі орындалғанына қуанғанын көргенде бәрі ұмытылады. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Өз басым бұл жастарды жұмысшы мамандықтарға бағыттау, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қоғамның осы салаларға көзқарасын жақсарту үшін жасалған нақты қадам деп түсінемін, – деді Нұржан Құсайынов.
Ол – нағыз еңбек адамы, әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат қана емес, өз кәсібінің шебері. Елорданың дамуына елеулі үлес қосып жүрген қарапайым жан үйде балаларына ерінбей еңбек еткеннің ғана өмірде қалағанына қол жеткізетінін үнемі айтып отырады. Себебі өзі де солай ержетті. Әкесі Өмірзақ пен анасы Қымбаттың ғұмыр бойы тырбанып еңбек еткенін, содан жаман болмағанын, керісінше, көпшілік арасында тек алғысқа бөленгенін көріп өсті. Енді, міне, сол жолды өзі жалғастыруда. Зайыбы Жанар Серікқызы екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп, күйеу баласы Тілеухан мен қызы Айданадан бүгінде Томирис атты жиен немере сүйіп отыр.
Биыл Астанадағы Бизнес және сервис колледжін аяқтаған шаңырақ иесі Темірлан болса әке жолын қуып, өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Әке-ана тәрбиесін көріп өскен ұл-қыздары кішіпейіл, сыпайы, еңбекқор. Үлкендерге көмектесіп, адамдардың алғысына бөленіп жүр.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ